Спорт • 04 Наурыз, 2025

Ұлттық күрес төрткүл дүниеге танылды

32 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үндістанның бас шаһары – Нью-Делидегі «Тьягарадж» ұлттық стадионында қазақ күресінен әлем чемпионаты аяқталды. Екі күнге созылған сайыста жер жаһанның 20-дан аса мемлекетінен келген 200-ге жуық балуан бақ сынады. Олар 16 сал­мақ дәрежесі бойынша медальдар жиын­тығын сарапқа салды.

Ұлттық күрес төрткүл дүниеге танылды

Суретті түсірген – Қайсар Есенов, Қазақ күресі федерациясы

Жарыстың ашылу салтанатында Qazaq kuresi қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбо­сынов: «Үндістанда қазақ күресі белсенді түрде дамып келеді. Бүгінге дейін аталған мемлекетте спорттың осы түрінен төрт рет ел чемпионаты ұйымдастырылды. Сіздердің төл өнерімізге қызығушылық танытып жүргендеріңіз – біз үшін үлкен мақтаныш. Екіжылдықтың басты додасында бақ сынайтын балуандарға сәттілік тілеймін, деді.

Ерлер арасындағы бәсеке сегіз салмақта өтіп, соның жетеуінде біздің жігіттер қарсылас шақ келтірмеді. Атап айтсақ, Бекжан Төлепов (55 кг), Мейіржан Берекетов (60 кг), Нұр Аманшүкіров (66 кг), Жұмажан Қожамбеков (74 кг), Ерсін Сейітқазынов (82 кг), Айдос Ғалы­мов (90 кг), Ерсұлтан Мұзафаров (100 кг) бас жүлдені қанжығаларына байлады. Тек аса ауыр салмақта қазақ балуандары топ жара алмады. Финалда Нұрдәулет Жарылқапов жеңілістің кермек дәмін татты. Өзбекстанның алыбы Мұқсын Хуссимудиновқа есе жіберді. Жүлделі орынды иеленгендер қатарында Үндістан, Грузия, Әзербайжан, Польша, Тәжік­стан, Эстонияның апайтөстері бар.

Әйелдер сайысында Айжан Жылқыбаева (48 кг), Рауза Нұрмұхамбетова (56 кг), Зарина Зәріпова (65 кг), Әлбина Бақиева (+77 кг) алтын­нан алқа тақты. Роза Нысантайқызы (70 кг) финалда нидерландтық Сем Ван Дуннан ұтылып, күміс медальды еншіледі. Аружан Адасқан (52 кг) мен Гүлім Елубай (60 кг) қола медальды иеленді. Өзге салмақ дәрежелерінде Ситора Елмұродова (52 кг), үндістандық Анну Анну (60 кг), грузиялық Нино Одзелашвили (77 кг) озды.

Спорттық іс-шара барысында UWW техни­калық делегаты Онур Шимшек Qazaq kuresi қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосыновтың Біріккен күрес әлемінің (UWW) ұлт­тық күрес түрлері комитеті атқарушы ке­ңесінің мүшелігіне қабылданғанын жария­лады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, төрткүл дүниенің 40-тан астам мемлекетінде Қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді. Бү­гінге дейін спорттың осы түрінен 10 әлем чемпионаты, 12 Азия біріншілігі, 6 Әлем кубогі мен 6 Еуропа чемпионаты өтті. 2023 жылы қазақ күресі Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енді. 2024 жылғы V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясындағы қазақ күресі жарысына 46 мемлекеттен 300-ден астам спортшы қатысты. Қазақ күресі ойындардағы ең көп спортшы қатысқан спорт түрі болып танылды.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше