Қоғам • 06 Наурыз, 2025

Жарнамасыз жасалған жақсылық – сауап

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сан ұлтқа сая болған Сыр жеріндегі берекенің бастауы бірлікте жатыр. Бір шаңырақ астында бейбіт тіршілік кешкен көптеген этносқа бүгінгі бейнесі – ынтымақты елдің ырысы артатынының дәлеліндей. Осындай қоғам бірлігіне жұртшылық арасындағы көп жақсылықтың басында жүрген Манзура Абдугафарова секілді жандардың қосқан үлесі аз емес.

Жарнамасыз жасалған жақсылық – сауап

Манзура Маткәрімқызы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған қай іс-шараның да бел ортасында жүреді. ҚХА жанын­дағы Аналар кеңесінің белсендісі ретінде жағ­дайы төмен және көпбалалы отбасыларына қайырымдылық жасаудан қалыс қалған кезі жоқ. Балалар мерекесінде «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, сый-сыяпат үйлестіруді де дәстүрге айналдырған.

«Жалпы, қайырымдылық деген этнос пен шекараға бөлінбейтін, жер бетіндегі адамзат атаулыға ортақ қасиет қой. Біздің бала күніміз бен жастық дәуірімізде қарттарға көмектесу, қиналған жанға жәрдем жасау қалыпты құбылыс болатын. Әке-шешеміз, айналамыз бізге сондай тәрбие берген. Өзімнің ойым – жақсылық жарнамасыз жасалуы керек. «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» деген қағиданы ұстанамын», дейді Манзура Маткәрімқызы.

Өткен ғасырда Бұқара өңірінен келген аталары осы Сыр бойына қоныс теуіпті. Түркістан топырағында дүниеге келген әкесі Мәткәрім Қызылордада өскен анасы Сарвармен бас құрап, олардың 10 баласы осы топырақта өсіп-өнді. 1978 жылы орта мектепті бітірген соң Самарқандағы кооператив институтына түсті. Оны тәмамдағаннан кейін жолдама бойынша Қызылордаға оралып, өндірістік тауарлар бірлестігі мекемесіне жұмысқа орналасты. Зейнетке «Best service» мекемесінен шықты. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы бері оның қызметіне белсене араласып келеді.

«Қоғамдық келісім» мекемесінің тәуел­сіздігі­міздің 30 жылдығына арналған «30 жылға – 30 тұлға» бастамасы аясында елдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтар қатарында еңбегі көпке таныстырылды.

Өзбек этномәдени бірлестігі құрылғалы қыз­мет жасап келе жатқан кейіпкеріміз бауыр­лас екі елдің тарихы мен танымы астасып жатқа­нын айтады. Әсіресе қазақ пен өзбектің мақал-мәтелдерінің айтылуы да, мағынасы да мәндес. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген қазақы тәрбиені «Отанг боласи бўлма, одам боласи бўл» дейтін өзбек шаңырағынан да көресіз. Қазір Қахар Дадашев басқаратын өзбек этномәдени бірлестігі бауырлас елдің достығын бекіте түсетін іс-шараларды жиі ұйымдастырып келеді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл», «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігінің «Дустлик» медалімен марапатталған Манзура Мат­кәрімқызының жастар тәрбиесіндегі орны бөлек.

«Жастардың білімімен қатар тәрбиесіне де мән беруіміз керек. Пандемия кезінде 6 бекетте 120 адамға тегін түскі ас ұйымдастырып, Арыс қаласындағы жарылыстан кейін құрылыс материалдарын жіберіп, жәрдем көрсеттік. Мақтаарал өңірін су басқанда да қарап отыра алмадық, көмегімізді бердік. Былтыр еліміздің солтүстігінде қарғын судан зардап шеккен ағайынға жәрдем жасадық. Әр мереке сайын шағын футболдан турнирлер өткізіп, жаңажылдық балалар ертеңгілігін ұйымдастырып келеміз. Осының бәрін атымызды шығарып, атағымызды оздыру үшін емес, кейінгі жастарға үлгі болсын деген ниетпен жасап отырмыз. Кейінгі толқынға ортақ Отан үшін осындай сәтте жұдырықтай жұмыла білу керектігін көрсеткіміз келді», дейді Манзура Маткәрімқызы.

 

Қызылорда