
- Қазірде ФИФА 2030 жылы өтетін әлем чемпионатына қатысатын командалардың санын 48-ден 64-ке дейін жеткізу мәселесін ойластырып жатыр. Бұл ұсыныс Уругвай футбол федерациясынан түсті. Естеріңізде болса, дәл сол мемлекетте осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 1930 жылы аталған доп додасы тұңғыш рет ұйымдастырылған болатын. Сол мерейлі датаға орай уругвайлықтар ФИФА-ға жоғарыдағыдай ұсыныспен шықты.
- WBC ұйымы кәсіпқой бокстан өтетін Гран-при турнирінің жаңа нұсқасын ұсынып отыр. Соған сай 41 мемлекеттен келген 128 былғары қолғап шебері бес ай бойы бір-бірімен жұдырықтасып, мықтыларды анықтайды. Бұл жарыстың кестесі мынадай: 1/16 финал – сәуірде (64 кездесу), 1/8 финал – маусымда (32 кездесу), 1/4 финал – тамызда (16 кездесу), жартылай финал – қазанда (8 кездесу), финал – желтоқсанда (4 кездесу). Елімізден бұл жобаға Жолдас Жеңісов (7-0, 3 КО), Нұрқанат Райыс (1-0, 0 КО), Санатәлі Төлтаев (2-0, 1 КО) қатысады.
- ВТБ лигасында өнер көрсетіп жүрген «Астана» кезекті тур ойынын Пермьнің «Пармасына» қарсы өткізді. Жерлестеріміз бұл жолы да жеңілістің кермек дәмін татты. Есеп – 106:73 (21:18, 21:11, 32:24, 32:20).
- Михаил Кукушкин АҚШ-тың Фениксінде өтіп жатқан АТР турнирінің негізгі бөлігіне жолдама алды. Іріктеу сайыстарында ол америкалық Митчелла Крюгер мен словакиялық Борт Артнактан басым түсті. Александр Шевченко осы жарыстың алғашқы айналымынан аса алмады. Жерлесіміз жергілікті теннисші Колтон Смиттен жеңілді.
- Италияның Падуя қаласында семсерлесуден ерлер арасындағы әлем кубогінің кезеңі аяқталды. Өкінішке қарай, еліміздің құрамасы бұл жарыста сәтсіз өнер көрсетті. Жекелей сында Артем Саркисян 91-орынға ие болса, Бақдәулет Құралбекұлы 95-орынды қанағат тұтты. Өзге жерлестеріміздің нәтижесі одан да төмен. Командалық сайыста командамыз 18-орында қалып қойды.