Руханият • 19 Наурыз, 2025

Қазақ тілін дамытудағы жаңа кезең

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Ахмет Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білі­мі институтының «Креа­тивті индустрияның тіл­таным­дық негіздері: зерттеулер мен әзірле­мелер» атты стенд конференция­сы өтті.

Қазақ тілін дамытудағы жаңа кезең

Мазмұнды іс-шарада ұлт ұстазының есі­мін иеленген Тіл білімі институтының кейінгі жылдардағы зерттеу нәтижелері мен әзір­лемелері ұсынылып, тамаша көрме ұйым­дастырылды. Сондай-ақ «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» электронды сайтының қолданысқа енгізілген жаңа қыз­меті таныстырылды.

Конференция модераторы, ­институт директоры Анар Фазыл­жан елордалық зиялы қауымға өзі басқарып отырған іргелі ұжым­ның креативті индустрия сала­сындағы  ауқымды еңбектерін арнайы таныстыруды мақсат ет­кенін атап өтті. Сонымен қатар Анар Мұратқызы қазіргі тілдік жағдайға да тоқталып, әсіресе пси­холингвистикалық және социо­лингвистикалық зерттеулермен бірге, қазақ тілінің ғылыми нор­ма­тивтік базасын жетілдіру керек екенін жеткізді. Шынында да, жұрт­шылықты институттың цифрлық форматтағы жобалары ерекше қызықтырды. Одан кейін сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл Тіл білімінің қасиетті қара шаңырағына 64 жыл толып отырғанын айтты. «Бүгінгі цифр­ландыру кезе­ңінде Тіл білімі инс­титуты бір­неше бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде бір-екі дүниеге тоқталып кетейін. Тіл – тірі организм. Оған даму, өсу тән құбылыс. Қазір қазақ жастары  тілді дамытуға  айрықша үлес қосып отыр.  Бұл әдебиет, музы­ка секілді салада ерекше байқалады. Бұған өте қуанамыз. Дегенмен тіл мәселесін шешудің екі жолы бар. Біріншісі – цифрлық форматтағы платформаларды жетілдіру. Осы салаға Тіл білімі институты ерекше екпін беріп отыр. Бұдан екі жыл бұрын жасанды интеллект саласында үлкен революция басталды. Бұрын алгоритмдерді адам миына сәйкестендіріп, нейрондық желілер арқылы жаттықтыра­тын еді. Енді «ChatGPT» шығып, ол алгоритмдерді адам баласы секілді, яғни мәтінді түсінуге, жалпы болып жатқан үдерістерді тіл арқылы үйретуді бастады. Ауқымды тілдік модельдер пайда болды. Қазір қытай мамандары бұл модельдерді басқаша жаттықтыратын жаңа тәсіл ойлап тапты», деген министр қазақ тілінің ұлттық корпустарын қа­лып­тастырып, оларды арнайы цифр­лық форматқа көшіру – бас­ты міндеттің бірі екенін баяндады.

пр

«Тіл білімі институтында 64 жылдан бергі барлық материал­дың картотекасы сақталған. Бұл жұмыс бізге қазақ тілінің ауқым­ды моделін қалыптастыруға кө­мек­тесті. Бүгінде  елімізде жа­сал­ған «KAZLLM» моделінің ал­ғашқы кезеңі аяқталды. Осы ауқым­ды жобаға Назарбаев уни­вер­си­теті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И.Сәт­баев атындағы Қазақ ұлттық техни­ка­лық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университеті, А.Байтұрсынұлы Тіл білімі институты көп қолдау көрсетті. Енді осы қазақ тілінің цифрлық моделін кез келген адам жүктеп алып, ондағы алгоритмді жаттықтыруға мүмкіндігі бар», деді С.Нұрбек.

Жиын барысында Тіл білімі институтының жас ғылыми қызметкерлері «Қазақ тілі әмбе­­бап электрондық сөздігі», «Тіл­­танымдық электрондық кі­тапхана», «Қазақ мәтінін автоматты тану жүйесі», «Ақылды мәтінтүзеткіш» секілді смарт-өнім­дерді таныстырды. Бұл жобалар  ана тіліміздің дамуы жаңаша бағыт алғанын көрсетті. Мәселен, «Qazcorpus.kz» сайтында қазақ тілінің лексика-грамматикалық жүйесін толық қамтыған мил­лиондаған сөз­қол­даныстан тұра­тын электронды пішін­дегі кө­лемді мәтін жинақталған. Дәлірек айтқан­да, қазақ тілі туралы барлық мәліметті жинақтаған «ақылды» мамандандырылған білім қоры. Ондағы жалпы сөзқолданыс саны 65 000 000-нан асады. Бұл  қазақ тілін дамытып қана қоймай, ғылым саласындағы қажетті тілдік базаны жетілдіреді. Отандық ғы­лыми-лингвистикалық ойдың бә­се­кеге қабілеттілігін арттырады.

пр

Сондай-ақ іс-шара аясында Ұлт ұстазы атындағы институттың былтыр жарық көрген бір­­неше ғылыми жинақтың тұсауы кесілді.  Одан соң Тіл саясаты комитетінің төраға­сы Ербол Тілешов, Мәжіліс депутаты Еділ Жаң­быршин, академиктер: Кәрімбек Құрман­әлиев, Шерубай Құрманбайұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы және «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы сөз алып, А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының цифрлық форматтағы жаңа жобаларына жоғары баға беріп, ризашылықтарын білдірді.