
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Елордада «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен елордалық жас отбасылар арасында дәстүрлі «Қазағымның дәстүрлері-ай» ұлттық-этнографиялық сайысы өтті.
Тәрбиелік мәні мол іс-шараның мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын заман талабына сай жаңғырту, жастар арасында насихаттау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және жас отбасылардың қоғамдық белсенділігін арттыру.
Іс-шарада Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп сайыстың маңызын атап өтті.
– Биыл Мемлекет басшысының қолдауымен наурызнама онкүндігі қарсаңында түрлі шаралар жүзеге асырылып отыр. Бұрын наурызды екі-үш күн тойлайтын болсақ, бүгінде он күн тойлап жүрміз. Қазақтың дүниетанымын ашатын мағыналы мерекелер орын алып, еліміздің дәстүр-айшығын, ұлттық киімін, қоршаған ортаға жанашырлығын көрсетіп, игі бастамалар қолға алынып отыр. Астана көлемінде 200-ге жуық іс-шара аталып өтіліп жатыр. Бүгінгі «Қазақтың дәстүрлері-айы» – жан-жақты насихатталып, бұған дейін танылған іс-шара. Сайысқа көптеген өтінім қабылданып, арасынан 8 отбасы іріктеліп алынды. Барша қатысушыға сәттілік тілейміз, қазақтың дәстүрі жаңғыра берсін, – деді Сәкен Зиябекұлы.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде – Сәдуақас әулетіне бұйырса, І орын – Ұлықпанұлы отбасы, ІІ орын – Ахет әулеті, ІІІ орынды – Зияханұлы отбасы иеленді. «Өнерлі отбасы» аталымын Нұғман әулеті, «Дәстүрге берік отбасы» болып – Сұлтан әулеті танылды, «Өнегелі отбасын» – Шаяхмет әулеті, «Көрермен көзайымын» Габдуш әулеті қанжығалады.