
Әлем чемпионатының тұсауы 1896 жылы кесілді. Алғашында ерлер ғана бақ сынады. Ең үздік нәтиже АҚШ құрамасына тиесілі. Америкалықтар 67 (27 алтын+21 күміс+19 қола) мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Аустрияның 53 (22+16+15) рет асығы алшысынан түсті. Үздік үштікті Швеция (15+4+3) түйіндеді. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Канада (14+13+6), Ресей (КСРО мен ТМД-ның қоса алғанда – 12+11+13), Германия (ГДР мен ГФР-ды қоса алғанда – 5+13+14), Жапония (5+12+5), Франция (3+7+10), Чехия (Чехословакияны қоса алғанда – 3+3+1), Швейцария (3+1+2) құрамалары бар.
Дүбірлі дүрмеккке әйелдер 1906 жылы қосылды. Жарыстың бұл түрінде де америкалықтар алдына жан салар емес. Олардың 73 (26+23+24) бәсекеде жұлдыздары жанды. Жапония (11+5+7), Германия (10+16+6), Норвегия (10+1+2), Ресей (8+9+9), Аустрия (7+17+12), Мажарстан (6+9+7), Ұлыбритания (6+9+7), Канада (5+6+5), Нидерландтың (4+1+3) да көрсеткіштері көңіл көншітерлік.
Жекелеген спортшылар арасында аустриялық Гильберт Фукстың есімі тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. ХХ ғасырдың басында Ульрих Сальхов атой салды. Данияда дүниеге келіп, Швецияның азаматтығын алған саңлақ 10 жарыста алдына жан салмады. 30-жылдары дүйім жұрт Карл Шефердің асқан шеберлігіне тәнті болды. Аустрияның арланы жеті жарыстың жеңімпазы атанды. 40-50 жылдары америкалық Ричард Батонның бес бәсекеде бағы жанды. Өткен ғасырдың екінші жартысында Хейз Алан Джекинс пен Скот Хамильтон (АҚШ), Курт Браунинг (Канада) төрт реттен топ жарды. Ғасырлар тоғысында Алексей Ягудиннің қарқыны керемет болды. Ресейдің жұлдызы жеңіс тұғырының ең биік сатысына төрт мәрте көтерілді. ХХІ ғасырдың қаһармандары – Евгений Плющенко (Ресей), Патрик Чан (Канада), Нейтан Чен (АҚШ). Олар дүбірлі додалардың үшеуінде дараланды. Былтыр Монреальдағы әлем чемпионатында америкалық Илья Малининнің мерейі үстем болды. Жапониялық Юма Кагияма мен франциялық Адам Сияо Хим Фа күміс пен қола медальды иеленді.
Әйелдер арасында Соня Хениге (Норвегия) тең келер ешкім жоқ. 1927–1936 жылдар аралығында ол қатарынан 10 жарыста теңдессіз деп танылды. Херма Сабо (Аустрия), Кэрол Хейсс (АҚШ), Мишель Кван (АҚШ) – 5, Лили Кронбергер (Мажарстан), Катарина Витт (Германия) –4 реттен бас жүлдені олжалады. Соңғы үш әлемдік дода жапониялық Каори Сакомотоның жарқын жеңісімен аяқталды. Америкалық Изабо Левито мен кореялық Ким Чхэён екінші және үшінші орынды еншіледі.
Жұптық бәсекеде Ресейдің (КСРО мен ТМД-ны қоса алғанда – 35,5+32,5+19), Германия (18,5+15,5+18), Канаданың (13+7+12) мерейі үстем. Былтыр Монреальда жергілікті мәнерлеп сырғанаушылар – Дианна Стеллато-Дудек пен Максим Дешам дара шықты. Мұздағы биде де Ресей (КСРО мен ТМД-ны қоса алғанда – 29+20+13) алдына жан салар емес. Екінші, үшінші орын Ұлыбритания (17+10+7) мен Францияға (8+7+5) тиесілі. Соңғы жарыстың бас жүлдесі америкалық Мэдисон Чок пен Эван Бейт жұбына бұйырды.
Мәнерлеп сырғанаудың барлық түрін есепке алсақ, алғашқы үш орында Ресей (КСРО мен ТМД-ны қоса алғанда – 85,5+72,5+54), АҚШ (56+52+80), Аустрия (36+46+34) тұр. Сондай-ақ Канада (35+37+33), Германия (33,5+47,5+39), Ұлыбритания (24+29+24), Франция (15+18+20), Швеция (15+7+11), Мажарстан (15+7+15), Жапония (11+15+22), Чехия (10+5+5), Норвегия (10+2+5), Қытайдың (8+11+9) қарқыны күшті.
Жалпы, әлем чемпионаты тарихында небәрі 26 мемлекеттің өкілдері ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Бір қуантарлығы, солардың қатарында еліміздің де өрендері бар. 2013 жылы Канаданың Лондон қаласында Денис Тен күміс медальды иеленді. Алматының тумасы тек жергілікті жампоз, сол кездегі әлемнің екі дүркін чемпионы, екі дүркін күміс жүлдегері Патрик Чаннан ғана қалып қойды. Арада екі жыл өткеннен соң Тен Шанхайда қола медальды мойнына ілді. Қытайда испаниялық Хавьер Фернандес пен жапониялық Юдзурю Хануды алға жіберді.
Әйелдер сайысында ондай құрметке Элизабет Тұрсынбаева бөленді. Мың бұралған қазақ қызы 2019 жылы Жапонияның Сайтамасында тек Олимпиада чемпионы, ресейлік Алина Загитоваға есе жіберіп, күміс жүлдені еншіледі. Енді сол мықтылардың ерлігін қайталауға Михаил Шайдоровтың жақсы мүмкіндігі бар. Кезінде жастардың әлемдік додасында күміспен күптелген жерлесіміз ересектер арасында да өрелі өнерімен көзге түсіп жүр. Биыл Төрт құрлық біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Одан бөлек, басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Алатау баурайында туып-өскен 20 жастағы Михаилдың Бостонда бақ жұлдызы жанады деп үміттенеміз. Сол секілді Дүниежүзілік студенттер ойындарының қола жүлдегері, 18 жастағы София Самоделкина да АҚШ-та барынша табысты өнер көрсетуге тиіс.