Аймақтар • 27 Наурыз, 2025

Жалғасқан жалпыхалықтық акция

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының он екі ауданында былтыр қанат қаққан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы биыл да жалғасын тапты.

Жалғасқан жалпыхалықтық акция

Бұл тұрғыда Темір ауда­ны тұрғындары ерекше белсенділік таны­тып отыр. Аудан орталығы Шұбарқұдық кентінде көшелер, жаяу жүр­гіншілер жолы, мекемелердің жан-жағы, аулалар мен саябақ, сквер, аялдамаларды қоқыстан та­зартып, жинауға коммуналдық мекемелер қызметкерлері мен волонтерлер, белсенді тұрғындар бір кісідей жұмылды. Аудан әкімдігінің мәліметіне қарағанда, экоакция аясында кейінгі екі айда 640 тонна тұрмыстық қат­ты қалдықтар, 195 тонна қар шы­ғарылған. Экоакция кезінде волонтерлер коммуналдық қызмет жұмысшыларына ыстық шай таратты.

Қарғалы ауданының белсенді жастары да экологиялық акциядан сырт қалмады. Олар аудан­дағы көрікті жерлердің бірі Қас­қыр сарқырамасы маңайын қо­қыс­тардан тазартуды бастама етіп көтерді. Аудандық жастар ре­сурстық орталығының белсенділері әр ауылдық округте тазалық акция­сын бір күнде бастауға үндеу тастады. Ерікті жастар мектеп оқушыларына қоғамдық орындарды ластамау, қоқыс тастамау туралы экодәрістер жүргізді.

Ақтөбе қалалық мәсли­хатының депутаты Раиса Балие­ваның айтуынша, тазалық қоршаған ортаны күтіп ұстау ғана емес, ол мәдениеттің, жауап­кершіліктің, ұрпақққа үлгі болудың көрінісі.

«Әсіресе, мектептерде, оқу орындарында, қоғамдық орындарда тазалыққа мән беріп, оны жүйелі түрде насихаттау өте маңызды. Осы орайда жергілікті билік органдары, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар сенбіліктер ұйымдастырып қана қоймай, тұрғындарды экологиялық мә­дениетке тәрбиелеу бағытында нақты қадамдар жасауы керек. Тек сонда ғана «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысқа айналып, ұзақ мерзімді нәтижесін береді», дейді депутат.

Былтыр «Таза Қазақстан» акциясына 400 мыңнан аса ақтөбелік қатысып, өзен-көлдер жағалауларын, саябақтар мен тарихи ескерткіштер айналасын, қала көшелерін тазалады. Акция аясында 291 саябақ пен сквер ретке келтіріліп, елді мекендер аумағына 300 мың түп ағаш, 6400 бұта отырғызылды. Аумақтарды жинауға 6203 техника тартылып, полигондарға 74 270 тонна қоқыс шығарылды.

 

Ақтөбе облысы