
Қазақтың күй өнерінде өзіндік орны бар Дәулеткерей Шығайұлының туғанына биыл 205 жыл толып отыр. Осы бір мерейлі датаға орай күйшінің туған жерінде әдемі іс-шара өтті. Бұл жиынға Қазақстанның халық әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаева мен «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ержан Жаменкеев арнайы келді.
Республикалық байқаулардың лауреаты Әділет Жолдығалидың орындауындағы «Көркем ханым» күйімен басталған концерт сырлы да сазды шығармалар бірінен соң бірі әуелеген өнер кешіне айналды.
Мәртебелі мейман Айгүл Нариманқызының өзі Дәулеткерейдің «Қыз ақжелең», Динаның «Бұлбұл», Құрманғазының «Қайран шешем» күйлерін бірінен соң бірін тартып, келген жұрттың құлақ құрышын қандырды. Ержан Жаменкеев орындаған Дәулеткерейдің «Қос ішек», Қожеке Назарұлының «Күй шақыртқы» шығармалары да көпшілікті бей-жай қалдырмады.
Кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Сертеков Дәулеткерейдің «Топан» күйін, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жарас Сатыбалдиев «Көроғлыны», Мәдениет саласының үздігі Ербол Ғұбайдуллин Түркештің «Қоңыраласын», республикалық байқаулардың лауреаты Тұрлыхан Әбуханов Дәулеткерейдің «Жігер» күйін ұсынды. Мәдениет саласының үздіктері Асқар Кенжеғалиев «Қосалқа» күйінің бірінші нұсқасын, Асылхан Қазиев «Бапас» күйін, Ермак Молдабеков «Жеңгем сүйерді» күмбірлетті.
– ХІХ ғасырда қазақ күй өнерінің аспанында сөнбес жұлдыз болған Құрманғазы, Дәулеткерейдің өнер жолы Шамғон Қажығалиев, Тұяқ Шәмелевтермен жалғасты. Бүгінде Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев ағаларымыз арамызда жүр. Бұлардың бәрі де біздің арқа сүйеріміз, өнерде үлгі тұтқан жандар. Өз басым 1984 жылы Құрманғазы академиялық оркестрінің құрамында Орда жеріне дейін барып едім. Осы жолы байқағаным – Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония ұжымы «Атамекен» өнер ордасы деп аталатын керемет ғимаратқа ие болған екен. Өнердің дамуына барлық жағдай жасалыпты. Сол үшін қуаныштымын, – дейді Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева.
Батыс Қазақстан облысы