
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Жағдайдың саяси астары басым ба?
Әрине, мұндай ахуал АҚШ-қа азды-көпті тауар экспорттап отырған Қазақстанды да алаңдатады. Еліміз Құрама Штаттарға 2023 жылы – 1,51 млрд доллар, 2024 жылы 2 млрд доллардың тауарын сатыпты. «Tradingeconomics» дерегінше, Қазақстан АҚШ-қа негізінен мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, минералды отын мен май, темір мен болат, әуе және ғарыш аппараттары, қымбат металдар мен тас, органикалық емес химикат пен изотоп сатады.
Мамандардың айтуынша, АҚШ енгізіп отырған тариф бізден экспортталатын тауарларға соншалықты салқынын тигізбейді.
«Экспорттың құрылымында мұнай мен сирек жер металдары басым үлеске ие. Бірақ бұл позицияларға жаңа өзгеріс әсер етпейді. Шикізат, қазып алынатын ресурс ретінде оларға әдетте мұндай шаралар қолданылмайды. Оның үстіне экспорттың басым бөлігі «Chevron», «ExxonMobil» сияқты халықаралық операторлар арқылы жүргізіледі. Бұл Қазақстаннан тікелей жеткізілім болып есептелмейді. Ауқымды өндірісі бар Вьетнам мен Қытайға қарағанда елімізде бажға кіретін тауар тізімі шектеулі», дейді «KazService» ұйымының басшысы Рашид Жақсылықов.
«Біз өйткені АҚШ-қа ешқандай дайын өнім жібермейміз. Сол себепті, біздің экономикаға бұл тарифтің тікелей әсері болмайды. Ал бірақ баж неге соншалықты қымбат? Бұл тауар номенклатурасына емес, соңғы жағдайларға байланысты сияқты. Ресейге қатысты санкциялық қысым күшейген соң, көптеген ресейлік кәсіпорын өндірістерін Қазақстанға ауыстырды. Мұны АҚШ көріп отыр. Сондықтан қымбат баж «Қазақстан» болып көрінгісі келетін, бірақ шыққан тегі ресейлік өнімдерге бағытталған сияқты», деді Рашид Жақсылықов.
АҚШ тарапымен консультация жүргізіледі
Сауда министрлігінің хабарлауынша, алдын ала талдау нәтижесінде, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың елеулі бөлігіне қосымша тарифтердің әсері болмайтыны анықталған.
«Өйткені олар АҚШ әкімшілігінің нормативтік актілерінде көзделген ерекшеліктер тізіміне енгізілген. Қазақстанның АҚШ-қа экспорт құрылымында негізгі орын алатын тауарлар – шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар және басқа да тауарлар. Бұл санаттағы өнімдер АҚШ президентінің «Тауарлар саудасындағы маңызды және тұрақты тапшылықты жою мақсатында өзара тарифтер арқылы импортты реттеу туралы» жарлығы бойынша ерекшеліктер тізіміне енгізілген тауарлардың 92%-ын құрайды. Қосымша баждар белгілі бір тауар топтарына қатысты енгізілетін болады. Бұл санаттағы тауарлардың экспорт көлемі былтыр 95,2 млн долларды құрады. Олардың ішінде – фосфор (2024 жылы экспорт көлемі 15,9 млн доллар), ферросилиций (12,7 млн доллар), линза (4,1 млн доллар), бидай желімділігі (4 млн доллар), аммоний нитраты (2,4 млн доллар) бар. Қабылданған тарифтік шаралар Қазақстанның АҚШ-қа жалпы экспортының 4,8%-ына ғана әсер етеді», делінеді министрлік мәлімдемесінде.
Алдағы уақытта Үкімет Қазақстанға қатысты қосымша бажды қолданбау мүмкіндігін талқылау үшін АҚШ тарапымен консультациялар жүргізуге ниетті.
Қай кәсіпорындарға қауіп төнеді?
Телеграмдағы «Tradereport» арнасы АҚШ-тың жаңа ережесі отандық кәсіпорындардың қайсысына әсер етуі мүмкін екенін зерттеп көрген.
- «Қазақмыс», «Казцинк» (күміс) – Қазақстаннан экспортталатын күмістің 39%-ы АҚШ-қа жіберіледі. Баждың өсуі сатылым көлемі мен америкалық нарықтағы бәсекелестікке айтарлықтай әсері болуы мүмкін.
- ERG (ферросиликохром). Өнім экспортының 52%-ы АҚШ-қа сатылады. Бұл – тауарлар арасындағы ең үлкен үлес, сондықтан аталған сегментті әлсіз ете түспек.
- Үлбі металлургия зауыты (тантал) – отандық тантал экспортының 45%-ы АҚШ-қа тиесілі.
- «ҚазАтомӨнеркәсіп» (байытылған уран) – жеткізілімнің 70%-ы АҚШ-қа аттандырылады. Дегенмен бұл нарық анағұрлым ерекше және тарифтердің әсері келісімшарт шарттары мен саяси мәмілелерге байланысты болады.
- «BioOperations» ЖШС (бидай глютені) – экспорттың 40%-ы АҚШ-қа тиесілі. Егер баж ұлғайса, компания нарықтың бір бөлігінен айырылуы ықтимал.
«Қазақстан жаһандық сауда соғысының эпицентрінде емес»
Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың пайымынша, біз үшін қауіпті ештеңе байқалмайды.
«АҚШ-қа негізгі экспорттайтынымыз – мұнай, уран, күміс сияқты биржалық тауарлар. Оларды Құрама Штаттар ғана сатып алмайды. Олардың жаһандық тұрақты сұранысы бар. Қазақстан бар болғаны тауарды басқа нарықтарға бағыттай қояды. Болды. Ал бұған қарсы 34% «жауап» баж енгізіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстанда өзіндік баж жоқ, ЕАЭО аясындағы бірыңғай баж ғана бар. 34% деп жүргендері – баж ғана емес, экспорт пен импорт арасындағы айырмашылық. АҚШ бұл айырмашылықты тариф арқылы теңестірмек. Ал Ресей неліктен тізімге кірмеді? Себебі олар онсыз да санкция құрсауында отыр. АҚШ пен РФ арасындағы сауда баяғыда шектелген. Жаңа баж енгізудің мәні де жоқ», дейді сарапшы.
Экономист, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, еліміз жаһандық сауда соғысының эпицентрінде емес. Сонымен қатар АҚШ-пен сауда қатынасымызды да тым жоғары деңгейде деп айтуға келмейді.
«Біз былтыр АҚШ-қа 2 млрд доллардың тауарын сатып, 1 млрд доллардың тауарын сатып алдық. Яғни біз сауда профицитіндеміз және сатып алғаннан гөрі сатарымыз көп. Иә, біз тариф тізіміне кірдік, алайда меніңше бұл жай ғана формальды жағдай. Ал 27% тариф біздің экспортқа мүлде әсер етпейді, өйткені тауарларымыз АҚШ-қа стратегиялық материал ретінде кіреді, сондықтан оларға баж салынбайды», дейді ол.
Айтуынша, тіпті бұл мәселенің оңтайлы болуы да ғажап емес. Біраз тауар арзандауы да ықтимал.
«Қымбат бажға ұшырап жатқан елдер жаңа нарық іздеп, нәтижесінде, Қазақстан техника, металл, көлік, құрылыс материалдары бойынша тиімді бағаларға ие болуы мүмкін. Бұл тіпті елдегі бизнес пен тұтынушылар үшін шарттарды жақсартып жібереді. Біз, әрине, АҚШ нарығын алмастыра алмаймыз, бірақ ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда біздің нарық көлемімен емес, бағасымен тартымды», дейді Р.Рысмамбетов.
2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,1 млрд долларға жетіп, 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,7%-ға артты. Негізінен бұл өсім мұнай (+30%, 1,1 млрд долларға дейін), уран (3,8 есе өсім, 322,9 млн долларға дейін), күміс (2 есе өсім, 239,9 млн долларға дейін), газтурбиналық қозғалтқыш (20,6 есе өсім, 36,6 млн долларға дейін), оптикалық элементтердің (16,5 есе, 4,1 млн долларға дейін) көбірек сатылуы есебінен мүмкін болды.