
Көрме әйел бейнесіне және оның айналасында қалыптасатын ерекше рухани әлемге арналған. Бұл — нәзіктік пен табандылық, дәстүр мен заманауи көзқарас, даналық пен терең пайым үйлесім тапқан кеңістік. Экспозицияда ұсынылған жұмыстар эмоционалдық әсерімен, батыл көркемдік шешімдерімен, көз тартарлық түстік палитрасымен ерекшеленеді.
Мемлекеттік орталық музейдің сыртқы байланыстар бөлімінің жетекшісі Анна Кущенко суретшілердің қолтаңбасы сан түрлі болғанымен, олардың жан дүниесін тоғыстыратын құндылық – өнерге һәм өмірге деген сүйіспеншілік екенін атады. Ол көрмедегі әрбір туынды адам бойына үміт ұялатып, сенім мен шабыт беретінін айтады.
Көрмеде ұсынылған шығармаларда қазіргі өмірдің шындығын көрсететін әлеуметтік тақырыптағы тұжырымдамалық жұмыстардан басқа, философиялық ойлар, дерексіз кескіндеме де кездеседі. Графика, акварель мәнерімен ұсынылған кейбір туынды ой тереңдігімен, үйлесімді колористикалық комбинациясымен ерекшеленеді.
Өнер жәрмеңкесінде сөз алған жоба кураторы — Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Индира Элиф Бадамбаева қатысушыларды алғашқы көрмелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. «Бұл көрме — біздің ортақ жолымыздың нәтижесі. Біздің суретшілер шын мәнінде қайсар, шынайы әрі ерекше жандар. Бүгін мұнда қолтаңбамызды ғана ұсынған жоқпыз, әлемге өз үнімізді жеткіздік. Шәкірттерімнің тырнақалды талпынысын өнер жанашырлары жоғары бағалағаны көңілге қуаныш ұялатады», дейді ол.
Студия қатысушылары өнер әлеміне жол ашқан шығармашылық ұжым мен ұстаздарына алғыс білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді. Олардың кейбірі үшін бұл көрме алғашқы қадам ғана емес, жеке жеңіс пен шығармашылық жолдағы маңызды белеске айналған.
Көрмеде Айжан Абдирова, Нұргүл Әбішева, Мәдина Ақмолдаева, Дина Әліханова, Әйгерім Бақаева, Раушан Иманбаева, Нұрай Исенғұлова, Інжу Қасымова, Марина Ким, Гаухар Мұрзабекова, Элеонора Оразова, Әсел Сәгімбаева, Динара Сәкенова, Катерина Сийдра, Таңсұлу Сімтікова, Полина Трегубова, Жібек Төлегенова, Ғайни Төребаева, Әлинұр Уәлиева, Аида Үсенбаевалардың және студия жетекшісі Индира Элиф Бадамбаеваның 70-тен аса жұмысы ұсынылған.
АЛМАТЫ