
Қасым Аманжоловтың сөзімен айтсақ, «Жау жолына атам сені, Бомба бол да жарыл, жүрек!» деп өшпес ерлік көрсеткен қаһарман жерлесін жымпитылықтар ұмытқан емес. Ақын өскен ауылдағы мектеп Абдолла Жұмағалиевтің есімін иеленген. 2015 жылы Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен ақын шығармаларының толық жинағы баспа бетін көрді. Дәлірек айтсақ, 1985 жылы Әбу Сәрсенбаев құрастырған жинақ толықтырылып, қайта басылды. Сонымен бірге аудандық «Абдолла оқулары» биыл облыстық деңгейге көтеріліп, Ақжайық өңіріне түгел насихатталды.
– Бүгін Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қаһарман қаламгер Абдолла Жұмағалиевке арналған мәдени іс-шаралар ресми түрде басталды. Осы іс-шараның алғашқы қарлығаштары – ақын жырын жаттаған балалар! – деді облыстық Абдолла оқуларын салтанатты ашып берген Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов. Серік Әнуарұлының айтуынша, абдоллатану бойынша Сырым ауданында жыл бойына бірнеше іс-шара өткізеді.
«Болар менің мұрама оралар күн!» атты оқушылар арасындағы Абдолла оқулары Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде, тарихи жәдігерлер арасында өтті. Мұның өзі байқауға ерекше сипат бергендей. Ақын оқуларына Сырым ауданынан бөлек Теректі, Тасқала, Қаратөбе, Бөрлі, Бәйтерек аудандарынан және Орал қаласынан оқушылар қатысты. «Іс-шараның облыстық деңгейге көтерілуі абдоллатану жұмысының жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді», дейді осы жиынның бастамашыларының бірі, музей директоры Айнагүл Ойшыбаева.
Сонымен, тартысты өткен сайыста бірінші орынды сырымдық өрен, Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің оқушысы Айсана Мұрат жеңіп алды. Оған ақынның 110 жылдығы құрметіне 110 мың теңге сыйақы берілді. Екінші орынға қаратөбелік Марат Кенесары, үшінші орынға Мақсат Қазимжан ие болды. Екінші орынның жүлдесі – 80 мың болса, үшінші орын үшін сыйлық – 50 мың теңге. Қалған қатысушылар да құр қалмады. Әр балаға диплом мен қаржылай сыйлық берілді.
Бұл күні көпшілікті қуантқан тағы бір жаңалық – ақын Абдолла Жұмағалиев, журналист Қажым Көшеков және жазушы Жәрдем Тілеков туралы деректер, мақалалар топтастырылған «Сырымнан ұшқан үш қыран» атты жинақтың тұсауы кесілді. Бұл үшеуінің де тағдыры ұқсас. Үшеуі де – Сырым ауданында дүниеге келген, үшеуі де қаламгер, үшеуі де – майдангер. Абдолла мен Қажым сол қырғында ерлікпен қаза тапса, Жәрдем соғыстан аман келіп, қазақ әдебиетіне өлгенше қызмет етті. «Сырым батыр» дастанын жазды. Жеңіс қарсаңында жарық көрген кітапты «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлы құрастырып, аудан әкімдігінің қолдауымен басылған.
Айта кетейік, кітаптың бауын кесу құрметі ақынның бауыры Шайдолла Жұмағалиевтің жары Рашида Хасеновамен бірге осы жолдардың авторына да бұйырды. Абдолла ақынның өзі майданға аттанарда:
«Мүмкін кері қайтпаспын, жоғалармын,
Көзім жұмып, құм көрпе оранармын.
Өлмен бірақ, бір кезде сыршыл ұлан
Болар менің мұрама оралар күн»,
деген екен. Шынымен де ақынның сөзі туған жер аспанында саңқылдап қайта естілді.
Бұл күні аудандық мәдениет үйінде Мұқадес Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Дарынды ақын, даңқты жауынгер» атты кітап көрмесін ұйымдастырса, сахнада «Қаһарман қаламгер» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы,
Жымпиты ауылы