Саясат • 09 Сәуір, 2025

Денсаулық саласындағы әріптестік

71 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің денсаулық сақтау министрлері: Әзербайжан Республикасының министрі – Теймур Мұсаевпен, Қырғыз Республикасының министрі – Эркин Чечейбаевпен, Түркия Республикасының министрі – Кемал Мемишоглумен, Өзбекстан Республикасының министрі – Асилбек Худаяровпен, Мажарстан Республикасының Ішкі істер жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары – Юдит Бидломен кездесу өткізді.

Денсаулық саласындағы әріптестік

Кездесуге сонымен қатар, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, ДДҰ Еуропадағы өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге қатысты. Денсаулық сақтау министрлерінің 5-кездесуінің қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.

Тәжірибе алмасуды және заманауи медициналық технологиялар трансферін қоса алғанда, Қазақстанның ұйыммен өзара іс-қимылын кеңейту жөніндегі жоспарлар талқыланды, Қазақстанның және басқа серіктес елдердің денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі ұсыныстары қаралды.

Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде ТМҰ-ға қатысу­шы мемлекеттердің күш-жігерін шоғыр­ландырудың маңыздылығына назар аударылды. Премьер-министр тек үйлестірілген іс-қимылдар мен тығыз әріптестік халықтың денсаулығына төнген ауқымды қауіп-қатерлерге тиімді жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта біз денсаулық сақтау жүйесін белсенді түрде жаңғыртып жатырмыз: инфрақұрылымды жақсарту, көпсалалы ауруханалар салу, оларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және фармацевтика өнеркәсібін нығайту бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда. Біздің бастамаларымызға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Тыныс алу органдары мен  қан айналымы жүйесі ауруларының азаюы және өлім-жітімнің төмендеуі – техни­ка­лық және сарапшылық қолдауға негіз­делген  біздің бірлескен жоспарлы жұмысымыздың нәтижесі. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз, сондай-ақ заманауи медициналық технологиялар трансфертін кеңейтуге мүдделіміз», деп атап өтті О.Бектенов.

Жиын барысында серіктес елдер­дің денсаулық сақтау министрлері Қазақстанның медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту саласындағы жетістіктерін атап өтті. Алдағы екі жылда МСАК-ты дамыту, ТЖ жағдайында медициналық көмек көрсету, туберкулезбен және өзге де аурулармен күрес, фармакологиядағы, атап айтқанда, Мажарстанның тиісті мемлекеттік органдарымен кооперация, су гигиенасын дамыту және басқа да ынтымақтастықты нығайту тақырыбы болып саналады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен өзара іс-қимыл ДДҰ Еуропа­дағы өңірлік бюросы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ми­нистрлігі арасындағы екі жылдық ынты­мақтастық келісімдерін іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады. 2024–2025 жылдарға арналған тараптар бірлес­кен жұмыстың негізгі бағыттарын, оның ішінде медициналық қызметтермен жалпыға бірдей қамту, төтенше жағ­дайларға дайындық, жұқпалы емес аурулардың алдын алу және «Бірыңғай денсаулық» тәсілін енгізуді айқындады.

Кездесу барысында ДДҰ Еуропадағы өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге алдын алу шараларының кең ауқы­мы­ның нәтижесінде созылмалы инфе­к­циялық емес аурулардан мезгілсіз өлім-жітімді төмендету бойынша Қазақстанның жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ МСАК дамыту саласындағы ынтымақтастықты арттыру жоспарлары айтылды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның денсаулық сақтау саласына салынған инвестиция көлемі 8,4%-ға өсіп, шамамен 920 млн долларға жетті, оның үштен бірі жеке секторға тиесілі. Сонымен қатар фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі 2 есеге жуық өсіп, 91,3 млн долларды құрады.  Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жыл сайын отандық өндірістегі дәрілік заттардың үлесі артып келеді, 2029 жылға қарай ол 50%-ға жетеді деп жоспарланып отыр.

Түркі мемлекеттері ұйымы денсау­лық сақтау министрлерінің 5-кездесуі­нің нәтижесінде денсаулық сақтау мәсе­лелері бойынша Түркі мемлекет­терінің ұйымы елдерінің декларациясына, Денсаулық сақтау саласындағы бірлескен іс-қимыл жоспарына, кадр­лар даярлау, биологиялық қауіп­сіз­дік бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға және басқа да құжаттарға қол қойды.