Саясат • 09 Сәуір, 2025

Кнессет спикерімен кездесті

63 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Израиль Кнессетінің спикері Амир Оханамен кездесті. Тараптар парламентара­лық ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Кнессет спикерімен кездесті

Палата төрағасы Израиль Қазақ­станның Таяу Шығыстағы негізгі серіктесінің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан Израильмен жан-жақты ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі екенін атап өтті.

– 30 жылдан аса уақыт ішінде Қазақстан мен Израиль арасында жоғары сенімге негізделген саяси диалог орнатылды. Бұл тұрғы­да Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Президенті Исаак Герцог­­тің жуырдағы телефон арқылы сөй­лесуін ерекше атап өткен жөн. Әңгімелесу барысында Израиль Президентінің биыл Ас­танаға ресми сапарын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Қазақстан-Израиль ынты­мақ­тастығын дамытудағы маңыз­ды кезеңге айналатыны және елдері­мізді жақындастыруға елеулі үлес қосатыны сөзсіз, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс спикері мәртебелі мейманға Мемлекет басшысы­ның бас­­тамасымен елімізде жүр­­гізі­ліп жатқан ауқымды саяси-эконо­микалық реформа­лар­дың нәтижелері туралы айтып берді.

Сонымен қатар тараптар екіжақты әріптестікті дамытуда заң шығарушы органдардың рөліне тоқталып, парламентаралық байланысты тереңдетуге уағдаласты.

– Біз Израильмен парламент­аралық ынтымақтастықты кеңей­туге мүдделіміз. Болашақта достық топтар мен бейінді комитеттер деңгейіндегі ықпалдасуымызды одан әрі нығайтуға шақырамын, – деді Палата төрағасы.

Кездесу бары­сын­да сауда-экономика, ауыл шаруа­шылығы, IT, жасан­ды интеллекет, денсаулық сақ­тау, су ресурстарын басқару мен мәде­ни-гуманитарлық салалар­дағы серіктестік мәселелері де қозғалды.

Өз кезегінде Амир Охана мем­лекеттеріміз арасындағы ынты­мақтастық қарқынды дами бе­ретініне сенім білдіріп, Қазақ­стан­мен жаңа технология, инновация саласында тәжірибе алмасуға да­йын екенін айтты.

– Болашақ технология, инновация мен білімде екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Осы орайда екі елдің игілігі үшін бар күш-жігері­мізді біріктіруге болады деп са­наймыз. Сіздермен жиған білі­мімізбен, идеяларымызбен және технологияларымызбен бөлісуге дайынбыз, – деді А.Охана.

Кездесу соңында тараптар мұн­дай сапарлар елдерімізге екі­жақ­ты ынтымақтастықты, халық­тары­мыз арасындағы достық пен пар­ла­мен­т­аралық байланысты нығайтуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.