Еңбек • 09 Сәуір, 2025

10 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды

5 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында «Қоныс аудару» бағдарламасы кең көлемде жүзеге асырылып келеді.  Жаңа өңір – жаңа тыныс, жаңа кәсіп пен тұрақтылықтың кепілі болып саналатын бағдарлама аясында Жетісай мен Мақтаарал аудандарында жәрмеңке өтті. Оған ШҚО, Павлодар, Абай, Ұлытау, Қостанай, СҚО, Қарағанды облыстарынан арнайы келген делегация қатысып, 10 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

10 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды

Жетісай ауданындағы жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Әсет Бағдатұлы, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Абзал Дәулетәліұлы, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы қатысып, 300-ге жуық тұрғынмен еркін форматта әңгімелесті. Кездесуде еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлері – табиғи байлығы мол, мүмкіндігі кең, алайда адам күші жетіспейтін аймақтар, ауыл шаруашылығы мен өндіріс, білім мен медицина саласында еңбек қолының тапшылығы күн тәртібіндегі өткір мәселе екені айтылды. Бағдарлама шарттары жан-жақты түсіндіріліп, жұмыспен, баспанамен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету жолдары баяндалды. Нәтижесінде 40-қа жуық жетісайлық, ал Мақтааралда 35 азамат қоныс аударуға ниет білдірді.

Айта кетелік, 2015 жылдан бері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында Түркістан облысынан көптеген отбасы өз еркімен солтүстікке қоныстанды. Мысалы, Мақтаарал ауданынан 144 отбасы 2018-2024 жылдары аралығында жаңа өңірге аттанған.