Есірткі • 10 Сәуір, 2025

Қостанайда есірткіге қарсы жастар форумы өтті

80 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жастар. Энергия. Болашақ» атты форумды облыстық полиция департаменті мен прокуратура ұйымдастырды. Іс-шара барысында мыңға жуық оқушылар,  студенттер мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен кездесіп, нашақорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі төңірегінде ашық пікірлесті.

Қостанайда есірткіге қарсы жастар форумы өтті

 

Іс-шараға Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин, облыс прокурорының бірінші орынбасары Бауыржан Бекбосынов, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Жолдыбай Метаев, облыс әкімі аппараты басшысының м.а. Әлфия Мұсабаева, З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің бірінші проректоры Дастан Беков, облыстық психикалық денсаулық орталығының психолог-наркологы Гүлсім Бисімбаева қатысты.

Құзырлы органдардың өкілдері жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыс стаистикасы жөнінде мәлімет беріп, аталған қылмыстың жазасы ауыр екенін айтты. Сондай-ақ, нақты мысалдар келтіре отырып, есірткі заттарының адам денсаулығына келтіретін зияны жөнінде әңгімеледі.

Ашық диалог барысында студенттер есірткімен күресу үшін қандай шаралар қабылданады, нашақорлықтың алдын алуға жастар қандай үлес қоса алады деген сияқты бірталай сауалға толымды жауап алды.  

Жиын барысында «Есірткіге қарсы үздік бейнеролик» шығармашылық байқауының қорытындысы шығарылды. Қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары колледжінің студенті Денис Никитин, екінші орынды Қостанай индустриалды педагогикалық колледжінің студенті Никита Гирш, бірінші орынды Политихникалық Жоғары колледждің студенті Ольга Сабакарь алды. Жүлдегерлер естелік сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.

Форум аясында қазіргі таңда қылмысқа қарсы күресте қолданылатын арнайы техника, криминалистикалық зертхана құрылғылары, қару-жарақ үлгілерінің көрмесі ашылды. 

Қостанай облысы