Көрме • 12 Сәуір, 2025

Ерлікке – тағзым, ұрпаққа – үлгі

31 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ халқы асқан батырлығымен, өшпес ерлігімен танылды. Жыл өткен сайын жеңіс алаугерлерінің ерлігі жадымызда жаңғырып отыр.

Ерлікке – тағзым, ұрпаққа – үлгі

Жеңістің 80 жылдығына орай Астанадағы Қарулы күштердің әскери-тарихи музейінде «Ұлы Жеңіс: Ерлікке – тағзым, ұрпаққа  – үлгі» атты халықаралық сурет көр­месі ашылды. Көрмеге Қазақ­стан, Қырғызстан, Ресей елдерінің майталман суретші­лерінің 100-ге жуық туындысы қойылған.

Олардың ішінде сұрапыл сұм соғысты бейнелеген туындылар, портреттік жұмыстар мен тарихи оқиғаларды суреттеген картиналар бар. Қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанованың портреттік плакаттары да көрер­мен қауымға ерекше әсер сыйлайды. Іс-шараның ашылуына Мәжіліс депутаттары бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Көрмеге қойылған картиналарды Суретшілер одағы мен Сурет академия­сы жинақтаған. Біз музей тарапынан 15 картина қойдық. Негізгі мақсат – батырлар есімін ұлықтау, өнер арқылы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, музей ісін дамыту. Бұл көрме бір айға жуық уақыт тұрады, келем деушілерге есігіміз ашық, кіру тегін, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің басшысы Дәулет Қадыров.

Сонымен қатар көрмеге қатысқан суретшілер мен бір­қатар ұйымдастырушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.

– Туындыларға тек ұрыс даласындағы шайқас қана емес, оған дейінгі және одан кейінгі ауыр жылдар, майданнан баласын күткен ана, ауылдағы жағдай, тылдағы еңбек сияқты абстрактілі тақырыптар арқау болған. Бұл соғыстың бүгінгі әрбір азаматқа қатысы бар, көбіміздің аталарымыз, туыс­тарымыз осы соғыстан оралмай қалды, жаралы, мүгедек болып келді. Сондықтан Жеңіс мерейтойы қарсаңында өткізіліп жатқан халықаралық деңгейдегі көрменің мән-мағынасы зор, – дейді Астана қаласы Суретшілер одағы бас­қар­ма төрағасы, суретші-кескіндемеші Өмірәлі Исмаилов.

Жиын барысында келген қо­нақ­тарға елорданың мәдениет саласы қызметкерлерінің әскери-патриоттық тақырыптағы әндері де тарту етілді.

Жобаны ұйымдастыру­шы­лардың бірі, Суретшілер ода­ғының басқарма мүшесі, кескін­де­меші Мақсат Қаңтарбаев іс-шараның маңызына тоқталды.

– Менің әкем соғысқа қатыс­қан. Әкем секілді барша май­дан­нан оралмаған батырларымызды еске алып, бүгін көрме ұйымдастырып отырмыз. Аста­на­дан басталған көрмені Алматы, басқа да өңірлерде өткізу ойда бар. Бізді қолдаған Суретшілер академиясының президенті Амандос Ақанаевқа алғыс білдіре­міз, – деді Мақсат Қырғызбайұлы.