Сұхбат • 12 Сәуір, 2025

Ғарышқа бастаған жол

83 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығына орай Президенттік орталықта елордалық студенттердің ғарышкер, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры, «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының басқарма төрағасы Айдын Айымбетовпен кездесуі өтті. Жиынға Ресей Федерациясының «Роскосмос» мемлекеттік ғарыш қызметі корпорациясының өкілі Геннадий Саенко да қатысты.

Ғарышқа бастаған жол

«Байқоңыр» мен «Бәйтерек»

Кездесудің кіріспе сөзінде Прези­дент­тік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат аспан әлемін бағындыру­дағы «Байқоңыр» ғарыш айлағының маңызы мен 64 жыл бұрын тұңғыш адамзат баласының түпсіз-тұңғиық жұлдыздар патшалығына біздің даламыздан аттанғаны туралы әңгімеледі.

«Жердің апшысын қуырып, мың миллион азотты тесіп өтіп, бір ғаламнан екіншісіне зулап жететін зымыранның Байқоңырдан көтерілгеніне де 64 жылдан асты. Бүгінгі кездесудің мақсаты – жас ұрпақты жаңа ғылыми және техникалық жетістіктерге шабыттандыру, ғарыш саласының болашағы мен мүмкіндігін таныстыру. Бұл – ғарыш саласында мансап құруды армандайтын әрбір жасқа тамаша мүмкіндік», деді Б.Темірболат.

Жиын барысында Айдын Айымбетов студенттерге «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің қызметі туралы егжей-тегжей баяндап берді.

«Бұл кешен жаңа, экологиялық тұр­ғыдан таза «Союз-5» зымыран тасы­ғыш­тарын ұшыруға бағытталған. Жос­парға сәйкес биыл желтоқсан айын­да аталған зымыранды сынақ ретін­де алғаш рет ұшыру жүзеге аспақ. Елі­мізде ғарыш саласы тек зымыран ұшыру­мен шектел­мейді. Біз ғылыми зерт­теулер жүргізе­міз, спутниктер құрас­тырып, оларға қызмет көрсетеміз, ал қазір спутниктік байланыс пен жерді қашықтан бақылау жүйелерін дамытып жатырмыз. Мысалы, «Қазгидромет» спутнигі жердің суреттерін түсіреді, ал байланыс спутниктері экология, ауыл шаруашылығы және төтенше жағдайларды басқару салаларына өте қажет», деді Айдын Айымбетов.

Сондай-ақ ғарышкер «Байқоңыр­­дың» тек тарихи орын емес, әлі де жұмыс істеп тұрған маңызды ғарыш айлағы екенін екшеп айтты.

«Байқоңыр» – әртүрлі орбиталарға зымыран ұшыра алатын санаулы ға­рыш айлақтарының бірі. Мұнда ондаған ұшыру алаңы, құрастыру-сынау корпустары, ұшуды басқару орталығы мен зертханалар орналасқан. Қазір Байқоңырды қайта жаңғырту жұмыс­тары жүріп жатыр. Қазақстан мен Ресей бірлесіп айлақты заманауи талаптарға сай жаңартуда. Бүгінде экологияға зияны аз жаңа отын түрлері қолданылып, жаңа өндірістік нысандар салынып, басқа елдермен де әріптестік кеңейеді. Осы жаңғырту аясында «Бәйтерек» бірлес­кен кәсіпорны маңызды рөл атқарады. Қазір біз жаңа ғимараттар салып, зымыранның құлау аймақтарын ұйымдастырудамыз. Бұл экология мен қауіпсіз­дік үшін аса маңызды. Сондай-ақ мамандар даярлауға да баса назар аударып отырмыз. Қазір 150-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бізге инженер, техник, телеметрия және қауіпсіздік мамандары, электрмеханика саласындағы қыз­меткер­лер қажет. Жұмыс орындарынан бөлек, тағылымдамадан өту, инновациялық жобаларға қатысу мүм­кіндігі де ұсы­нылады. Ғарыш саласы инженерлерге ғана емес, ІТ мамандарына, экологтерге, аналитиктерге, материалтанушыларға да мол мүмкіндік ұсынады», деді Айдын Айымбетов.

Ал Ресей Федерациясының «Роскос­мос» мемлекеттік ғарыш қызметі кор­порациясының өкілі Геннадий Саенко екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол «Байқоңыр» кешеніндегі пайдаланылмайтын жер телімдері мен нысандарды біртіндеп Қазақстанға қайтару жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ Байқоңыр қаласының экологиялық мәселелерін шешу және ғарыш айлағы аумағында туризмді дамыту да басты міндеттердің қатарында екенін атап өтті.

«1994–1995 жылдары екі ел арасын­да Байқоңырды жалға алу туралы келі­сімдер жасалды. Қазір Ресей жыл сайын шама­мен 115 миллион доллар төлем жа­сайды. Жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылған. Бірақ нақты қанша уақытқа созылатыны алдағы шешімдерге байланысты. Қазақстанға біртіндеп жер учаскелері мен мүліктерді қайтару үдерісі жүріп жатыр. Мысалы, былтыр Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыс­тарындағы құлау аймақтары қайта­рылды. Байқоңыр қаласы туралы да айта кетейін. Мұнда 50-60 мың адам тұ­рады, оның 14 мыңы – Ресей азамат­тары, қалғаны – Қазақстан азамат­тары. Қалада сумен қамту, кәріз жүйе­лері жаңартылды, алдағы жылы жылу жүйесін жаңғырту аяқталады. Экология мәсе­лелерімен де жұмыс қарқынды жүр­гізіліп жатыр», деді Генна­дий Саенко.

 

Ғарышкермен сұхбат

Осыдан соң кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Университет студенттерімен кездесуде Халық қаһар­маны мәлім де беймәлім ғарыш әлемі, ғарышкер болудың қыр-сыры жайында әңгімелеп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

– Есімім Байсал. Қазір мен Астана IT университетінде менеджмент ма­ман­дығы бойынша бакалавриаттың 3-курсында оқып жатырмын. Ғарыш саласындағы жоба­ларға қалай қосылуға болады? Жұ­мысқа орналасу мүмкіндігі қандай?

– Қазір бос орындардың тізі­мі және талап етілетін құжаттар тізімі ресми сайтта жарияланған. Әрине, кей­бір басшылық қызметтерге тәжі­рибе талап етіледі. Бірақ жалпы ин­же­нерлік немесе техникалық маман­дық­тарға жас мамандарды тарту – біздің басты мақсатымыз­дың бірі. Өйткені түлектер тәжірибесіз кел­генімен, оларды жұмыс барысында үйретуге болады. Сондықтан біз жас кадр­ларды өзіміз тәрбиелеуді қолға алдық. Әрине, Байқоңырдың ауа райы мен табиғи ерекшеліктері бар, бірақ нағыз ғарыш саласын армандағандарға бұл – үлкен мүмкіндік. Біз жұмысқа қабылданған­дарға тұрғын үй мен қаржылық жағынан қолдау көрсетеміз. Оқу мен тағылымдама мәселесінде де көмек береміз. Бірақ негізгі шарт – Байқоңырда өмір сүріп, жұмыс істеу керек. Бүгінде ғарыш саласына жас­тарды тарту барлық елдегі маңызды мәселе. Мысалы, «Роскосмос» кәсіп­орын­дарында 70-80 жастағы ардагерлер әлі де жұмыс істеп жүр, өйткені жастар жеткі­ліксіз. Мұндай қиындық бізде де бар. Сол себепті университеттермен байланыс орнатудың маңызы зор. Қазірдің өзінде еліміздің жетекші университеттерінде ғарыш техникасы және технологиялары бойынша кафедралар ашылған.

– Есімім Нұрғиса. Астана IT универ­ситетінің бірінші курс студентімін. Ғарышкерлер ғарышқа ұшпас бұрын арнайы дайын­дықтан өтеді. Сол жатты­ғулардың ішінде сіз үшін ең қиыны қайсысы болды?

– Шын мәнінде, барлық жаттығу оңай болған жоқ. Бірақ солардың ішіндегі мына бір күрделі жаттығу есімнен еш кетпейді. Дайындық барысында бізді арнайы орындыққа отырғызып, 365 градус­та оңды-солды айналдырады. Екі минут­тың ішінде адамда жүрек соғысы жиілеп, қан қысымы көтеріледі, жүрек айниды. Ал біз бұл жаттығуға 45 минут бойы тө­зуіміз керек еді. Енді ар жағын өзіңіз елестете беріңіз. Бірақ бұл машықты күн сайын қайталап, бір ай ішінде қалыпты жағдайға үйреніп кеттік. Екінші қиын жаттығу – теріс гравитация жағдайына бейімделу. Яғни төсекте аяғы көтеріліп, бас төмен қараған күйде ұйықтаймыз. Бұл қан айналымын басқа бағыттайды. Ғарышта тартылыс күші болмағандық­тан күні-түні ауада қалықтап тұрасың. Әдет­те жастық жастанып, басымыз­ды ыңғайымызша қисайтып, ұйқыға бас қоямыз ғой. Ал ғарышта басыңды қалаған жағыңа қисайтып ұйықтай алмайсың. Тек сұлық жатып ұйықтап кетесің. Психологиялық дайындық та оңайға соқпайды. Сонымен қатар ғарыш кемесінің барлық жүйесін терең білу талап етіледі. Ғарышкер тек құрылғыны пайдаланушы болмауы керек, ол істен шыққан құрылғыны жөндей де білуге тиіс. Жер бетінде 4 деген бағаға білген нәрсеңді ғарышта 3-ке білесің. Жерде 3-ке оқысаң, ғарышта ештеңе білмейсің. Сондықтан ғарышкер болу үшін емтихандағы ең төменгі баға – бес. Одан төмен оқыған адам бұл сапарға жіберілмейді. Міне, ғарышқа дайындық осындай қиын әрі жан-жақты машықтан тұрады.

– Есімім Құндыз. «Тамос» ғарыш мектебінің оқушысымын. Сіз ғарыш­қа ұшқанда қандай ғылыми-тәжірибе­лік сынақтар жүргіздіңіз? Ғарыш­тан орал­­­ғаннан кейін дүниетанымы­ңыз­да қан­дай да бір өзгеріс болды ма?

– Ғарышкерлердің күн тәртібі өте қатал тәртіппен белгіленеді. Әр минутына дейін жоспарланған. Күн сайын Ұшуды басқару орталығынан тапсырмалар келіп, келесі күннің бағдарламасы бекітіледі. Өзгермейтін нәрсе — ұйқы мен тамақ ішу уақыты ғана. Ал қалған уақытта тәжірибе жүргізу, борттық құрылғылармен жұмыс істеу секілді міндеттер атқарылады. Әр тапсырманың қатаң мерзімі бар. Ғарыш кеңістігіне көтерілгенде физика-техникалық, медико-биологиялық 20-ға жуық ғылыми тәжірибе жүргіздім. Бұлардың бәрі – отандық ғылымды да­мы­­туға аса қажет жобалар. Тәжірибе ба­ры­­сында кейбір заттардың тартылыс кү­шінен тыс ғарыш кеңістігінде қандай күйге түсетінін бақылап, оны бейнатаспаға түсіріп, ғалымдарға жеткіздім. Сонымен қатар ультракүлгін сәулелерді көретін арнайы камерамен ғарыш кеңістігіндегі гамма сәулелерін түсірдім. Бұл зерттеудің медико-биологиялық маңызы зор. Екінші сұраққа келсек, біз жер бетінде жүрген­де Жер-Ананың шеті мен шегі жоқ кең дүние деп елестетеміз ғой. Ал ғарыштан қарағанда Жердің қаншалықты кішкентай әрі нәзік екенін сезесің. Біз адамдар шекара сызып, қару ұстап, бір-бірімізбен соғысып жүрміз, ал ғарыштан қарағанда бәріміз бір ғаламшардың тұрғындарымыз. Мен ғарышта болғанда, әртүрлі елдерден келген 9 адам бірге жұмыс істедік. Бірақ бәріміз өз елімізге емес, Жерге ораламыз деп ойладық. Осы тұрғыдан алғанда жан дүниемде біраз өзгеріс болды.

– Есімім Нұртай. Мен Астана ха­лық­­­­аралық университетінің «Data Science» мамандығында оқимын. Ғарыш саласында жасанды интел­лект қан­шалықты маңызды?

– Өте орынды сұрақ. Осы күні жасанды интеллект тек ғарыш әлемінде ғана емес, өмірдің барлық саласында қолданыла бастады. Себебі қазіргі заманда ақпарат көлемі өте үлкен. Ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны өңдеп, сараптап, дұрыс шешім қабылдау қажет. Адам миының мұндай ауқымды ақпаратты өңдеуі өте қиын. Ғарыш саласында да дәл солай. Қазір Илон Масктің есімі бәрімізге таныс. Оның ғарышты игеру, бірнеше рет ғарышқа барып келе алатын кеме жасау, азаматтық орбита стансаларын салу, т.б. идеялары жасанды интеллектімен тікелей байланысты. Біз де осы көштен қалмауымыз керек. Қазір Айдың бетінен де ғарыш айлағын салу туралы ойлар көтеріліп жатыр. Жерден ұшып шыққан ғарыш кемесі Айға тоқтап, жанармай құйып алып, одан әрі қарай ұшып кету мүмкіндігіне жетуіміз кәміл. Осы және басқа да ғарыштық зерттеулер өзге ғылым салаларының дамуына ықпал етеді. Болашақта, шамамен 2035 жылға қарай, бірқатар ел Ай бетінде жұмыс істей бастайды деген де болжам бар. Бұл жаңа «ғарыштық жарыстың» басталуы болмақ. Айда атмосфера мен тіршілік жоқ, сондықтан ол – ғылым үшін, зерттеу­лер үшін таптырмас орын.

 

Әңгімелескен –

Бекзат ҚҰЛШАР,

«Egemen Qazaqstan»