
Фото: ҚТФ баспасөз қызметі
Жартылай финалда Гонконгпен өткен тартысты матчта жас қазақстандық теннисшілер жеңіске жетіп, алғаш рет турнирдің финалына жолдама алды.
Алғашқы кездесуде Хақназар Жеткербай қарсыласы Кайл Ванды 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, команданың есеп ашуына үлес қосты. Алайда келесі ойында Ахмади Мақанов Чой Вангқа 0:6, 3:6 есебімен жол берді.
Бәрін шешкен жұптық матчта Мақанов пен Жеткербай жұбы шебер ойын өрнегін көрсетіп, Ван мен Чойды 7:5, 2:6, 10:3 нәтижесімен тізе бүктірді. Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің финалына шықты.
Финалда Сағадат Аяп жаттықтыратын команда Жапония құрамасымен бас жүлде үшін таласады. Шешуші матч ертең өтеді.