Заң мен Тәртіп • 15 Сәуір, 2025

Індетпен күрес ілгері баса ма?

0 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі түрде күресу қажеттігіне тоқтала келе, мұндай құқық бұзушы­лық фактілерін анықтау ғана емес, оның алдын алу үшін жұмыс жүргізу керек екенін айтқан еді. Десе де, қоғамның әр саласына тамыр жайып үлгерген бұл індетті толық ауыздықтау әзірге оңай болмай тұр. Соның ішінде білім саласына да дендеп еніп кеткені көңілге кірбің ұялатады.

Індетпен күрес ілгері баса ма?

Сурет: alm.kgd.gov.kz

Білім саласындағы заңсыздықтар

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы ­іс-қимыл агенттігі бер­ген мәлі­меттерге назар аудар­сақ, қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қыз­мет облыстық білім беру саласын­дағы сапаны қам­­тамасыз ету департа­менті басшысы­ның міндетін уақыт­ша атқарушыға қатысты қыл­мыстық істі тергеп жатыр. Оған мемлекеттік аттес­таттаудан өтуге жәрдемдескені үшін білім мекемелерінің басшыларынан бір­неше рет пара алды деген айып тағылып отыр.

Сондай-ақ өзіне негізсіз артық жалақы аудару арқылы 4,9 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жым­қырды деп күдікке ілінген Ақтөбе қала­сы білім бөлімінің бас мама­нына қатысты да қылмыстық іс қаралып жатыр.

Ал Қызылорда облысының Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қыз­меті Қызылорда қаласы­ білім бө­лі­мінің басшысына қатысты сот­қа дейінгі тергеуді бас­таған. Оған тағы­лып отыр­ған айып – өзінің туы­сын ведомстволық бағынысты ұйым­ның педагогі ретінде жұмысқа орналас­тырғаны үшін қала тұрғынынан 1 млн теңге сомасында пара алған.

Алматы облысында Еңбек­шіқазақ аудандық соты Балқаш ауданы білім бөлімінің басшысы Д.Ақмолдаева мен осы бөлімнің 8 бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Олар 129,6 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын өз­деріне артық жалақы аудару арқылы жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған. Д.Ақмолдаева мемлекеттік қызмет­тен өмір бойына шеттетіліп, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығы­нан айырылды. Бухгал­тер­лерге мемлекеттік қызметте 3 жыл­дан 10 жылға дейін қызмет атқа­руға тыйым салынып, 2 жылдан 8 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру және шектеу жазалары таға­йындалды.

Тағы бір мысал. Талды­қорған қала­лық соты «Талды­қорған қала­сының №12 орта мектебі» КММ бас бухгал­тері Г.Салпиноваға және осы мектеп­тің бухгалтері Н.Юсуповқа қатысты үкім шығарды. Олар 24,5 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын өздеріне белгіленген нормадан жоғары жалақы аудару арқылы жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Екеуіне сәйкесін­ше 8 және 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Соны­мен қатар мемлекеттік қызмет пен квази­мемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзім­ге қызмет атқару құқынан айы­рылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ха­бар­лауын­ша, білім саласын­дағы бюджет қара­жатын жым­­қыру оқиғаларын азай­ту мақ­сатында барлық өңірде бух­гал­терлік бағдарламаларға бірың­ғай техникалық талаптар енгізілген. Олар жоғары жалақы аудару мен «өлі жандарды» есептей отырып, алаяқтықты уақтылы тоқтатуға, жалған деректердің енгізілуіне тос­қауыл қоюға мүмкіндік береді. Бұған қоса «Бұлтты бухгалтерия» жо­басы іске асырылып жатыр. Ол бух­галтерлік есептің барлық жүйе­сін орталықтандыруды және мем­лекеттік органдардың, оның ішінде қазынашылық дерек­қор­ларымен интеграциялау­ды көздейді. Қазір әкім­діктер ай сайын білім ұйым­­дарының бухгалтерлік есеп жүйе­­лерін қазынашылық есеп­терімен автоматты түрде салыс­тырып отырады. Кез келген сәй­кессіздік екі рет тексеріледі.

Сонымен қатар Ішкі мем­ле­кеттік аудит комитеті мен оның аумақтық департаменттері осы жылдың тамыз айынан бас­тап жалақыны негізсіз аудару фак­тілерін болдырмас үшін төлем­дерді камералдық бақылау­ды жүзеге асырмақ. Барлық кү­дікті операция Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігіне, білім басқармасына және аударым жаса­ған ұйымның өзіне талдау жасау үшін түседі. Мұғалімдерге төленетін барлық төлем, оның ішінде жалақы, іссапар, сыйлықақы және дема­лыс ақысы ЖСН және ТАӘ бо­йын­ша ресми деректерге сәй­кес­тігі автоматты түрде тексе­ріледі.

Сондай-ақ екінші деңгей­дегі банк­тер ЖСН бойынша түс­кен төлемдерді банк шотының дерек­терімен салыстырады. Бұл үшінші тұлғаның банктік шоты қазіргі жұмысшының атымен көрсетілген кезде жалған мәлі­меттер бо­йынша қара­жат аудару мүмкіндігін толы­­ғымен жояды. Аталған жаңа­шыл­дықтар білім ұйым­дарына ғана емес, қазы­нашылық жүйесі арқы­лы төлем­дерді жүзеге асыратын бас­қа да мемле­кеттік мекемелерге қол­даны­латынын атап өткен жөн.

 

Қылмысын жасырудың қитұрқы жолы

Елімізде сыбайлас жем­қор­лық қылмыс­тары­ның алдын алу мен салдарын жоюға бағыттал­ған жұмыстар барлық бағытта қарқынды жүріп жатыр. Соның тағы бірі – ел ішінде де, сырт мемлекеттерде де қыл­мыстық жолмен келген қара­жатты іздеу, яғни заңсыз актив­терді мемлекет меншігіне қайтару жұмыс­тары. 2022 жылдан бері 1,12 трлн теңгеден аса заңсыз актив мемлекетке қайта­рылған.

Осы бағытта Сыбайлас жем­­­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесімен, сондай-ақ халықаралық әріптестер­мен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Заңсыз активтерді табу мен қайтару үшін «GlobE», «CARIN», «ARIN» және басқа да бейресми байланыс арналары пайдаланылып келеді.

Мысалы, Жетісу облысының Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қызметі білім саласындағы бюджет қара­жатын жымқыру фактісі бойын­ша қылмыстық іске қатысты күдік­тінің үйінде тінту жүргізу барысында шетел­дік банк­тің реквизиттері көрсетіл­ген қаржы­лық құжаттарды тап­қан еді. Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бө­лім­шесімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ұрлан­ған қаражаттың бір бөлігі атал­ған шетелдік банктегі шоттарға аударылғаны туралы ақпа­рат алынды.

Кейін Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі­нің байланыс офицері «GlobE» халықаралық желісі арқы­лы шетелдік әріптес­тері­мен байланыс орнатып, күдікті мен оның туысына тиесілі шоттар мен қаржылық опера­циялардың бар екенін растады. Сондай-ақ қара­жатты алған шетелдік тұлғаға қатыс­ты деректерге қол жеткізді. Заңсыз аударылған қаражатты қайтару жұ­мыстары жалғасып жатыр.

Агенттік ұсынған мәлі­мет­терге қарағанда, қаржылық тергеу жүргізу кезінде күдіктілердің туыстарына, сенімді адамдарға және номиналды меншік иелері ретінде пайдаланылатын басқа да тұлғаларға рәсім­делген активтер тексеріледі. Әдетте олар өздері­нің табысы активтер­дің құны­нан әлдеқайда аз болғандық­тан, мүлікті сатып алуға жұмсалған қаражаттың заңды шығу тегін дәлел­дей алмайды.

Мысалы, Шығыс Қазақ­стан облысында сыбайлас жем­қорлық жаса­ды деген күдікті қылмыстық жол­мен алынған қаражатқа сатып алын­­ған автокөлік пен екі пәтерді жұ­мыссыз туысының атына рәсім­деген. Шым­кентте мем­лекеттік қызметкер ұрланған ақшаға зайыбына электр­мобиль сатып әперген. Ал Жетісу облысында жүргізілген қаржылық тергеу нәтижесінде жалпы сомасы 2,8 млрд теңге болатын мүлік, соның ішінде ақшалай қара­жат, алты авто­көлік пен бір пәтер анықталып, мемлекет меншігіне тәркіленді.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масы мен жем­қор­лардан тәркіленген барлық қаржы әлеу­меттік қажет­ті­ліктерді қам­та­ма­­сыз етуге бағыт­талып жатыр. Атап айтқанда, «Білім беру инфра­­құрылымын қолдау қоры» ар­қылы қайтарылған 153,3 млрд теңге 89 мектептің құрылысына жұмсал­ған. Оның ішінде 2024 жылы 25 жаңа мектеп салынды, оның басым бөлігі Астана қаласында, сон­дай-ақ Маңғыстау, Алматы және Жам­был облыстарында орналасқан. Бар­лық білім ұйымы заманауи жаб­дықтармен қамтамасыз етіліп, оқу­шы­лар үшін қолайлы жағдай жа­салған. Биыл 22 мың оқу­шы­ға арналған тағы 28 мектеп­тің құры­лысы басталмақ.

 

Ақпарат беріп, ақшалы бол

Өзекке түскен құрт секілді мем­­­лекетке шашетектен шы­ғын келті­ретін сыбайлас жем­­қор­лық інде­тімен күресу – мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, ол әрбір азамат­тың ел алдындағы парызы. Осы орайда Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жем­қорлық фактісі туралы сенімді ақпарат берген адамдарға сыйақы төленетіні туралы хабарлайды. Осы мақсатта Call-орталық (1424 нөмірі бойынша) тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Оған кез келген азамат хабарласып, өзі куә болған жемқорлық жайты туралы ақпарат бере алады. Егер қылмыс дәлелденсе, хабар берген адамға тәркіленген қаражаттың 10%-ына дейінгі бөлігі сыйақы түрінде беріледі. Бірақ сыйақы көлемі 4 мың АЕК-тен аспайды. Яғни сіз сыбайлас жемқорлық туралы сенімді ақ­парат берсеңіз, 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы алуыңыз мүмкін.

Былтыр Сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі 104 аза­­матқа жалпы сомасы 35,5 млн тең­ге сыйақы берген. Мысалы, Шым­кент қаласында Т. және Б. есімді азаматтардың қылмыстық әрекетінің жолын кесуге көмектескені үшін Б. есімді азаматқа тәркіленген соманың 10%-ы, яғни 6 млн теңге сыйақы төленді.

Айта кетсек, жемқорлық факті­­лерін жоғарыда аталған Call-орта­лық нөміріне немесе 8 777 0001424 WhatsApp мес­сенд­жеріне хабарлауға болады. Ақпарат берушінің құпия­лы­лығына толық кепілдік беріледі.