
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Мемлекеттік қолдау нәтижесінде кәсіпорын қуаты еселеніп, қатты ірімшік өндірісінің ауқымы бұрынғыдан ұлғая бастады. Серіктестік қала аумағында өтетін жәрмеңкелерге де қатысып, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға үлес қосып келеді. Кәсіпкерлер алдағы уақытта өнімдерін Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірлігіне экспорттауды жоспарлап отыр.
Серіктестік басшысы Санжарбек Абдувахидовтің айтуынша, қазір халықаралық сертификат әзірленіп жатыр. Құжат дайын болған соң өнімдер Дубайға экспортталады. Кәсіпкер былтыр БАӘ-де отандық өнімді таныстырып, арабтың іскер азаматтарына айрықша ұнапты. Бірінші кезекте экологиялық табиғи тазалығы қызықтырған. Сөйтіп, Қазақстан өнімін ішкі нарыққа кіргізуге ықылас танытыпты.
Осы тұста айта кеткен жөн, қайта өңделген отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әрдайым өзінің табиғилығымен ерекшеленеді. Еліміз сыртқы нарыққа қандай азық-түлік тауарын жөнелтсе де, оның сапасы мен экологиялық тазалығына толық кепілдік береді. Сол үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен саммитте Қазақстан Еуропа нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға дайын екенін мәлімдеді.
«Құрт, сүзбе, сарымай, қатық, жеті түрлі ірімшік шығарамыз. Шымкент, Түркістан нарығын қойып, Ақтау, Алматы, Қарағанды қалаларына өнімдер жөнелтіп жатырмыз. Ірімшік пен сары майға мемлекеттен субсидия аламыз. Олай етпесек бұл екі өнімді өндіруге кеткен шығын өз-өзін ақтамайды. Субсидия көмегімен шығынды жабамыз. Ауыл шаруашылығы саласы әрқашан дотацияға мұқтаж. Дамыған батыс елдерінде де фермерлер дотациямен күн көреді. Бізде де осы субсидиямен талай фермерлік шаруашылық аяққа тұрып, жап-жақсы табыс тауып жатыр. Мен басында сиыр бағып, сүтін өткізіп жүрдім. Кейін сол сүтті неге өзім өңдемеске деген идеяға тоқталып, 2022 жылы фирманы аштым. Бірінші кезде оңай болған жоқ. Бірақ маған жергілікті «Бөрте Милка» компаниясы жақсы көмектесті. Оларға алғысым шексіз. Бұл фирма да сүт өнімдерін шығарады. Жергілікті компанияларға қазір де оңай емес. Өйткені Ресей мен Белоруссиядан келетін тауар көп. Бағалары да арзан. Сондықтан бәсекеге төтеп беру бізге қиындау. Дегенмен отандық өнімдер таза, сапалы болғандықтан, халық өзіміздің жергілікті тауарды алады», дейді кәсіпкер.
Оның үстіне, шетелдік өнімдердің сапасы көңіл көншітпейтін көрінеді. Құрамында жасанды қоспа көп дейді. Сол себепті тұтынушылар өзіміздің өнімді таңдайды екен.
«Сүт таситын 8 көлігім бар. Шикізатты өзімнің жеке фермамнан, сосын Сайрам ауданына қарасты Манкент, Қарабұлақ, Ақдала ауылдарынан аламыз. Қазір ауыл тұрғындары жақсы үйреніп алды. Сиыр асырап, сүтін фирмаларға өткізеді. Күнделікті сатқан бір шелек сүтінің ақшасына малының жемшөбін алады, басқа да отбасылық шығындарына жаратады. Ауыл шаруашылығы саласын кооперация аясында дамыту деген осы болса керек. Бір кәсіпорын арқылы ұсақ шаруашылықтар, мал ұстаған ауыл тұрғындары қосымша пайда көреді. Шикізаттан күніне 25-30 тонна сүт жиналады. Соны өңдеп, табиғи өнім жасап шығарамыз. Біз ешқандай құрғақ сүт, басқа да жасанды қоспалар қоспаймыз. Бәрін таза сүттен жасаймыз. Тұтынушыны сыйлау керек. Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Ауыл тұрғындарының көбі сиыр бағып, оның сүтін өткізеді, мал бордақылайды, одан қала берді жер өңдеп егін егеді. Статистика бойынша былтыр сайрамдық тұрғындардан 1 күнде 350 тонна сүт жиналып отырған екен. Бұл Түркістан облысындағы аудандар ішінде өте үлкен көрсеткіштің бірі боп саналады», деді кәсіп иесі.
«Bio food kz» өндіріс ауқымын кеңейту мақсатында биыл қалада қосымша цех ашпақшы.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, шаһар аумағында қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші 50-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде сүтті қайта өндеумен айналысатын 10 кәсіпорын бар. 2024 жылы сүт өндейтін кәсіпорындар 5 499 тонна қатты ірімшік және
1 438,2 тонна сары май өндірген.
ШЫМКЕНТ