
Атап айтсақ, футболдан ерлер арасындағы додаға қатысатындардың саны 16-дан 12-ге дейін қысқарса, әйелдер командасы 12-ден 16-ға артады. Су добынан бұрымдылар бәсекесінде бұрынғыдай 10 емес, 12 ұжым бақ сынайды. Бокстан қыздар жеті салмақ дәрежесінде күш сынасады. Соңғы Олимпиадада олар алты салмақта сайысқа түсті.
Жеңіл атлетикаға 4х100 метрлік аралас эстафета қосылады. 3х3 баскетболдан ерлер мен әйелдердің командасы 8-ден 12-ге дейін көбейеді. Осыған дейін тек классикалық садақ атудан жарыстар өтсе, енді Олимпиада бағдарламасына компаунд түрінен аралас сайыс қосылды. Құзға өрмелеуден әр жаттығу бойынша (боулдеринг, жылдамдық, қиындық) жүлделер жеке сарапқа салынады. Сондай-ақ, гольф, үстел теннисі және спорттық гимнастикада да қосымша жүлде жиынтығы таратылады.