
Біз бақытты ұрпақпыз. Бүгінгі шаттықты ғұмырға жеткеніміз Екінші дүниежүзілік соғыста елімізді қорғаған аға ұрпақтың арқасы. Атам Кәкман Әлменбетов 1923 жылы бұрынғы Қарағанды облысының Қарсақпай ауданына қарасты Сарысу ауылында дүниеге келген.
Ел басына қатер төнген қиын кезеңде Қарсақпай ауданына қарасты Сарысу, Аралтөбе, Жетіқоңыр ауылдарынан майданға 150-ден аса азамат аттанған екен. Сол азаматтардың ішінде 19 жастағы атам да бар еді.
Ол І-Украина майданының 336-дивизиясының 1130-атқыштар полкінде елі үшін от кешіп, Отанын ерлікпен қорғауға атсалысты. Берлин қаласынан 250 шақырым жердегі кезекті бір сұрапыл шайқас кезінде атам ауыр жарақат алып, госпитальға түседі.
Сол күнді атам: «1945 жылдың 29 наурызы еді. Оң жағымнан бір солдаттың жанұшыра айқайлаған дауысы естілді. Соған бұрылып қарағаным сол еді, маған да оқ тиді. Есімді жиып, көзімді ашсам Николай атты майдандас жолдасым мені сүйретіп, бір шұңқырға әкеліпті. Ол жарақатымның ауыр екенін, бірақ өлмейтінімді айтып, менімен қоштасып әрі қарай шабуылға кетті. Одан кейін өзімді ажалдан құтқарған жолдасымды көрген жоқпын. Оқ жағымнан тиіп, тістерім мен жақ сүйегімді сындырып, оң жақ иығымнан тесіп өтіпті», деп еске алатын.
Содан кейін атам Кисловодск қаласындағы госпитальде жеті ай емделіп, 1945 жылдың қазан айында елге оралады.
Елге келгеннен соң бейбіт еңбекке араласып, зейнеткерлікке шыққанша, Қарағанды облысының (қазіргі Ұлытау облысы) сол кездердегі Қарсақпай және Жезді аудандарының өркендеуіне өз үлесін қосты.
Ауылдық кеңестің хатшысы, зоотехник, ферма меңгерушісі секілді қызметтерді абыроймен атқарып, ауылдық кеңестің алты рет депутаты болды. 1941–1945 жылдарғы соғыста көрсеткен ерліктері және бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін бір орден, он бір медальмен марапатталды. Оның ішінде І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің орны бөлек. Сондай-ақ «1941–1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін», «1941–1945 жылғы Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 20, 25, 30, 40 және 50 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған.
Атам мен әжем үш ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірген. Балаларының үлкені Сәбек Кәкманұлы Жезқазған қаласында түрлі жауапты қызмет атқарды. Екінші баласы Болат Кәкманұлы Жезқазған облысында денсаулық сақтау саласында тер төгіп, «Денсаулық ісінің үздігі» атағын алды. Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты да болды. Ал бір қызы Мағауия сауда саласында, екінші қызы қаржы саласында қажырлы қызмет атқарды. Кенжесі Ғарифулла Кәкманұлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде қызмет атқарады. Ол – «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған, «Қазақстан Республикасының Құрметті байланысшысы», «Үздік мемлекеттік қызметкер» атақтарының иегері.
Бүгінде атамның немерелері де ер жетіп, жоғары оқу орындарын бітіріп, қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүр.
Кәкман атам 1997 жылы 75 жасқа қараған шағында Жезқазған қаласында қайтыс болды. Содан бері ұрпақтары атамызды жиі еске алып, оның Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері болғанын мақтан тұтып келеді.
Ұлықбек Ғарифуллаев,
майдангердің шөбересі