
Оксфорд университетіндегі физика департаменті, наноғылым, фотоэлектрлік (PV) пленкалар саласында постдокторлық қызмет атқаратын жерлесіміз жаңа буын фотоэлектрлі пленкалар, «перовскит» поликристалды күн ұяшықтар саласына зерттеу жүргізеді. Мұнда ғалым тікелей перовскит күн торлары тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруды көздейді.
Кейіпкеріміздің докторлық зерттеуіне әлемдік PV нарығының 91%-ын қамтыған, ғылымға айтарлықтай үлес қосқан профессор Мартин Грин жетекшілік етеді. Жас ғалымның энергетика саласындағы ізденістерінің нәтижесі де жоқ емес. Бірқатар ғылыми жұмыстары әлемдегі алдыңғы қатарлы Q1 журналында жарық көрді. Соның ішінде бірінші авторлық және қосалқы бірінші авторлық мақалалары ғаламдық ең көп сілтеме жасалатын үздік ондықтағы ғылыми журналда жарияланды. Сонымен қатар Н.Мұсаханұлы Оксфорд университетінде жаңағы перовскит күн торларын ең алғаш жарыққа шығарып, алғаш коммерциялаған профессормен серіктес топта жұмыс атқарады.
Халқымыз «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп бекер айтпаған. Нұрсұлтан – ғылыми жетекші таңдауда айы оңынан туған жас. Ол 2017–2018 жылдары Манчестер университетінде магистрлік диссертациясын электр және электронды инженерия мектебінің доценті, жасыл энергетика (күн, жел, жер т.с.с.) курсының негізін қалаған қауымдастырылған профессор Иэйн Кроудың жетекшілігімен табысты қорғады. Мұнда ол кремнийге негізделген күн батареясымен жұмыс жүргізді. Бірде профессор Кроу: «Күн энергетикасы» пәнінен дәріс оқып отырып: «Осы салаға ерекше үлес қосқан, кремний күн батареяларының атасы, профессор Мартин Грин деген аңызға айналған аустралиялық ғалым бар. Үлкен кісі. Сонымен жолықтым», деп атақты ғалым туралы әңгімелейді. Бұған қағілез қазақ баласы елең ете қалады. Енді ол аты аңызға айналған ғалыммен кездессем деп ойлайды.
Сөйтіп, жас ғалым әлем бойынша күн мен жасыл энергетика саласына бағытталған тұтастай департаменті-факультеті бар жалғыз оқу орны Аустралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университеті екенін біліп, оның негізін профессор Грин қалағанын түсінеді. Көп уақыт өтпей жетекшілеріне хабарласып, озық фотоэлектрлік материалдармен жұмыс істеуге ниетті екенін білдіреді. Осылайша, Баянауылда туып, шет жерге білім іздеп аттанған Нұрсұлтан сол оқу орнында екі жетекшіге шәкірт болды. Сол сәтті есіне алған ол: «Бірінші жетекшім (профессор Гриннің шәкірті) маған: «Екінші жетекшің профессор Грин болғанын қалайсың ба?» дегенде төбем көкке жеткендей болды. Осылайша, бүкіл әлемдік ғылымға аты шыққан ғалым Гринмен танысып, ақыл-кеңесін алдым», деді.
Осы арада кейіпкерімізге: «Сіздің зерттеуіңіз ел ғылымына не береді?» деген сұрақ қойдым. Оның жауабы сенімді шықты. «Зерттеуім елімізге пайдасы тиеді деп ойлаймын. Себебі перовскит күн батареялары – болашақтың технологиясы. Ал жасыл энергетика саласындағы білімімді, Оксфорд университетіндегі тәжірибемді елдегі әріптестеріме жеткізуге тырысып жүрмін. Мысалы, біріншіден, ғылым мен білімге қоссам деген үлесім. Елімізде жаңартылатын энергия көздеріне арналған зертханалар құруға атсалысқым келеді. Сонымен қатар перовскит күн батареялары мен оптоэлектроника бойынша оқу бағдарламасын әзірлеп, жас ғалымдарға халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға көмектессем деймін. Екіншіден, инновациялар және технологиялық даму саласына өз үлесімді қосып, елімізде перовскит күн батареяларын зерттеу орталығын ашуға ықпал ете алар едім. Оксфорд PV және Қытайдағы серіктестермен байланыс орнатып, технологияларды елге әкелуге көмектесу де маңызды. Бұдан бөлек, перовскиттік күн батареяларын жергілікті шикізаттан жасау мүмкіндігін зерттеп көруге болады», деді ол.
Бұған дейін жас ғалым біраз жетістікке қол жеткізген. Фотоэлектрлік және баламалы энергетика саласының философия ғылымдарының докторы лауазымын (Оңтүстік Жаңа Уэлс университеті, Аустралия) иеленді. Сондай-ақ таза және жасыл энергетика технологиялары саласының магистрі (Манчестер университеті, Біріккен Корольдік), Жылу Энергетика саласының бакалавры (B.Sc.) (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) атанды. «Ғаламдық талант виза» (Біріккен Корольдік) және «Болашақ» стипендиясының иегері.
Шындығында, Нұрсұлтан Мұсаханұлы – елімізде перовскиттік күн батареяларын өндіру мүмкіндігін зерттеп, осы салаға инвестиция тарту жолдарын қарастыратын білікті маман. Ол жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану арқылы еліміздің көмір мен мұнайға тәуелділігін азайтуға болатынын айтады. Бұл оның зерттеу саласындағы көздеген мақсатының бірі. Қысқасы, ғылым жолына түсіп, іргелі ізденістермен сонау ағылшын елінде жүрген жерлесіміздің әр бастамасы қуантады.