Аймақтар • 18 Сәуір, 2025

Түркістанда суретшілердің халықаралық симпозиумы өтті

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласының ерекше мәртебеге ие болуына орай ұйымдастырылған «TURKISTAN STYLE» халықаралық суретшілер симпозиумы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда суретшілердің халықаралық симпозиумы өтті

Үндістан, Түркия, Әзербайжан, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден және еліміздің әр өңірінен келген танымал суретшілер қатысқан симпозиумда 120-дан астам шығарма ұсынылды. Өз туындылары арқылы қылқалам шеберлері ерекше мәртебеге ие болған Түркістанды ұлықтауға үлес қосты. Аптаға жуық созылған іс-шараның қорытындысы ретінде «Конгресс холл» кешенінің фойесінде халықаралық суретшілер симпозиумының шығармаларынан көрме ұйымдастырылды. Яғни қылқалам шеберлерінің Түркістанның қазіргі бейнесі бейнеленген суреттері жұртшылыққа ұсынылды.

1

Көрменің ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «TURKISTAN STYLE» халықаралық симпозиумына қатысушы суретшілерді дипломдармен марапаттап, сертификаттар тапсырды. «Түркістан қаласы заманауи қайта жаңғырып, ерекше мәртебеге ие болғанын білесіздер. Осындай сәтте суретшілердің рухани астананың көне тарихы мен жаңаруын бейнелеген туындылары, оның ежелгі тарихына тағы бір үңіліп, киелі Түркістанның бүгінгі күнін өнер тілімен ұлықтауы – құптарлық іс. Сіздер салған өнер туындылары ұрпаққа ең қымбат мұра, маңызы зор деректі мирас болып қалатыны сөзсіз», деді Ертай Алтаев.  Сондай-ақ Қырғызстан Республикасының халық суретшісі, Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері академик Юристанбек Шығаев пен Қазақстан Республикасы Көркем академиясының академигі және вице-президенті Ерлан Айтуаров бейнелеу өнерін дамыту мақсатындағы осындай ауқымды іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, суретшілер атынан алғысын білдірді.

2