18 Сәуір, 2025

Маңғыстауға бизнесті қолдауға қаржы бөлінеді - Президент

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент еліміздің өңірлерінде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашудың маңыздылығына тоқталып, өңдеу секторына ерекше басымдық беру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы аймақ экономикасын әртараптандыру үшін нақты және нәтижелі жұмыс жүргізу керек деді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстауға бизнесті қолдауға қаржы бөлінеді - Президент

Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 77 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Олар 150 мың адамға жұмыс беріп отыр. Былтыр кәсіп иелері шығарып жатқан өнім көлемі 270,5 миллиардқа өсіп, 2,2 триллион теңгеге жеткен.

«Биыл аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. Қазірдің өзінде 12,5 миллиард теңге бөлініп, 150 жобаға қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, жақын арада «Mangystau Business» бағдарламасы іске қосылады. Осы ауқымды жұмыстың аясында 30 жаңа жобаға қаржы бөлінбек, жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге болады. Өздеріңіз білесіздер, облыстың өз ерекшелігі бар. Атап айтқанда, мұнай өндірісінің басым болуы, шөлді жерде тұрғаны, су тапшылығы, азық-түлік импортына тәуелділік. Сондықтан жоспардағы барлық шаруаны тиімді іске асыру үшін мемлекеттік органдардың бәрі жұмыла жұмыс істеуі керек», деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше серпін беретін орталық болуға тиіс екенін атап өтті. Қазір онда 22 жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Арнайы экономикалық аймаққа салынған инвестицияның жалпы көлемі – 337 миллиард теңге болды, соның тең жартысы – шетел инвестициясы.

«Биыл арнайы экономикалық аймақтың аумағын жеті есе ұлғайту жоспарланып отыр, яғни, 3,7 мың гектардан 26,5 мың гектарға дейін. Бұл – орынды шешім. Әкімнің де экономикалық аймаққа қатысты ұсыныстары бар. Халық тұтынатын тауарларды, соның ішінде азық-түлік өндірісін экономикалық қызмет түріне қосуға болады. Дегенмен жоғары сапалы өнім шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына басымдық беру қажет. Үкімет пен әкімдік осы салаға егжей-тегжей талдау жасап, тиімді жұмыс жүргізуге тиіс. Қағазбастылық болмауы керек, нақты, нәтижелі жұмыс қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.