Президент • 18 Сәуір, 2025

Өндіріс орындары экология талаптарын сақтауға тиіс - Тоқаев

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапарында өңірдің экологиялық ахуалына ерекше назар аударып, бұл мәселені шешуді Үкімет пен облыс әкімдігінің басты міндеттерінің бірі ретінде атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өндіріс орындары экология талаптарын сақтауға тиіс - Тоқаев

Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, облыс орталығы Ақтау қаласының айналасында өнеркәсіптік кәсіпорындар шоғырланған. Олар экологияға келтіріп жатқан зиянды азайту үшін табиғатты қорғау талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Бұл бағытта бақылау күшейтіліп, заң бұзушылықтарға жол берілмеуі керек.

Ел Президенті бірнеше жылдан бері өзекті болып келе жатқан «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасы мәселесіне ерекше тоқталды. Аталған аумақта бұрынғы Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатына қарасты үш зауыттан шыққан 105 миллион тонна өндірістік қалдық жиналған. Бұл экологиялық тұрғыдан аса қауіпті аймақ ретінде бағаланып отыр.

«Бұдан бөлек, аймақтағы полигондарда 200 мың тоннадан астам қоқыс жиналып қалған. Рұқсат етілмеген жерге заңсыз тасталған қоқыстар да көп. Жалпы облыста қоқыс тастайтын 68 рұқсат етілмеген орын бар. Оның алпысы жойылды, сегізі кәсіпкерлерге тиесілі жерде орналасқан. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Осы мәселелерді шұғыл шешу үшін Үкімет облыс әкімдігімен бірге қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Бұл мәселе бойынша Үкімет тоқсан сайын маған тікелей баяндауы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Ақтау қаласында көбірек ағаш отырғызу қажеттігін атап өтті. Ол «Таза» деген ұғымның халқымыздың болмысындағы киелі мағынасы бар екенін еске салып, бұл түсінік әрбір азаматтың өмір сүру мәдениетінің бір бөлігіне айналуы тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысы экология мәселелерін шешу тек Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін айтып, барлық жауапты тараптарды нақты әрекетке көшуге шақырды.