Оқиға • 18 Сәуір, 2025

Талхиз қалашығында фотокөрме ұйымдастырылды

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты ортағасырлық Талғар қалажұртында «Тарихы терең Талхиз» атты ақпараттық фотокөрменің ашылу салтанаты өтті. Шараға музейтану  саласының мамандары, тарихшы, археолог ғалымдар мен туристік агенттік өкілдері және Талғар қаласындағы №25 орта мектептің оқушылары  қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Талхиз қалашығында фотокөрме ұйымдастырылды

«Талхиз ескерткіші 1930 жылдан бастап археологтардың зерттеу нысанына айналды. 2014 жылы Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізіліп, 2018 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының балансына ресми түрде берілді. Бүгінгі фотокөрме алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Дүниежүзілік мұралар тізіміне еніп, мемлекет тарапынан қолдау көргенімізбен, әлі де болса шешілетін мәселе көп», деген «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова қазіргі таңда Талхиз қаласын зерттеу қолға алынғанын алға тартты.

«Бүгінгі көрме соның нәтижесі. Десе де артефактілерді өткізетін ғимараттың болмауына байланысты қалашықтан табылған заттардың барлығы мемлекетіміздің әртүрлі мәдени мекемелерінде. Атап айтсақ, Астана қаласындағы ұлттық музей, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музей, Абай атындағы педагогикалық университет пен Мәдениеттерді жақындастыру орталығына өткізіліп келеді. 2018 жылдан бастап зерттеу және жинау жұмыстарының нәтижесінде Талғар қалашығына байланысты 180-ге жуық артефактілерді жинап, музей қорығымыздан шағын көрме аштық. Оны көбейтуге әлі де болса мүмкіндік жоқ. Сондықтан да осынға келген халыққа Талхиз қалашығы жайлы ақпарат беретіндей фотокөрме ашуды жөн санадық. Бұл фотокөрменің бірінші кезеңі, келешекте одан әрі дамыту көзделіп отыр», дейді музей директоры.

Дәстүрге сай фотокөрменің алқызыл лентасы қиылып, музей қонақтары тарихы терең Талхиз қалашығы жайлы толыққанды ақпаратқа қанықты.

Айтулы шара аясында «Есік» музей-қорығының қорғау аумағына кіретін «Есік» қорымдары аумағына арнайы ескерткіш тақта орнатылды.

1970 жылы Алтын адам табылған аумақ «Есік қорымы» деп аталған. «Мәдени мұра» ұлттық бағдарлама аясында «Есік» музей-қорығы ашылды. Алғаш ашылғанда 5 оба мен 6 гектар жер берілгенін айтқан музей директоры Гүлмира Мұхтарова қорғалуы тиіс қалған жердің барлығы жекеменшікке таратылып кеткенін тілге тиек етті.

«Сондықтан 15 жылда 110 қорған бар 270 гектар жерді табандап жүріп, мемлекетке қайтардық. Сөйтіп, Алтын адам табылған ландшафты сақтап қалдық. Оны біз мақанышпен айта аламыз. 2013 жылы осы жерде қорғау аймағы мәслихаттың шешімімен бекітілген болатын. Алайда 2019 жылы жаңа заң шыққаннан кейің мәслихаттың шешімі түсініксіз жағдайда жүзеге аспай, шешім жойылып кеткен болатын. Ол жөнінде ешкімге тіс жармай, қорғап тұрдық. Бір жарым жылғы табанды еңбектің нәтижесінде 2024 жылдың желтоқсан айында қорғау аймағын қайтадан бекіттік. Бұл біз үшін – үлкен жеңіс, көрінбейтін жұмыс және үлкен дәреже», дейді Гүлмира Раилқызы.    

Осы күні Еңбекшіқазақ ауданындағы этно-мәдени орталық өкілдері «Есік» музей-қорығының аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосты.