Құрылыс • 19 Сәуір, 2025

Нысандар құрылысы неге кешігеді?

110 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырау облысында құ­ры­­лысы мерзімінен ке­шік­­­­­тірілген 81 нысан бар. Құры­лысты жүр­­гізуге 72 млрд теңге бө­лін­ген. Бірақ әлеуметтік ма­ңызы бар нысандардың қа­шан пайдалануға беріле­тіні белгісіз.

Нысандар құрылысы неге кешігеді?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі Атырау об­лыс­тық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, құры­лыс саласында алаңдататын түйткіл азаймай тұр. Ең бастысы – әлеуметтік нысандар мен жолдың құрылысын сапасыз жүргізу.

«Департамент қызметкерлері құры­лысы ұзаққа созылған нысандарға талдау жүргізді. Талдау кезінде нысандар құры­лысының кешігуіне себеп болатын бірнеше сыбайлас жемқорлық қаупі анықталды. Біріншіден, тапсырыс берушілер тарапынан тиісті бақылау жасалмайды. Екіншіден, техникалық қадағалау жоқ. Үшіншіден, мердігерлік компаниялардың мем­лекеттік тап­сырыс беру­ші­лермен үлестес болуы алаң­­­да­тады. Төртіншіден, мерді­гер­лер ара­­­сындағы картельдік сөз байласу, жоба­­лау-сметалық құжаттаманы түзету, қо­сым­ша бюджет қаржысын бөлу дерегі бай­қалды. Бесіншіден, тиісті лицензиясы жоқ мердігерлер жұмыстарды орындайды. Алтын­шыдан, құрылыс жобаларына жа­уапты бұрынғы шенеуніктердің кейіннен келісімшарт жасалған мердігерлік мекемелерге жұмысқа орналасу дерегіне ерекше назар аударылды», дейді Е.Серік­қалиев.

Облыстағы құрылысы кешік­тіріліп, мер­зі­мінде аяқталмаған нысандардың жар­ты­сынан көбі Атырау қаласында орна­ласқан – 48 нысан.

«Құрылысы кешіктірілген 81 нысанға 72 миллиард теңге бөлінгені анықталды. Осы кез­ге дейін 42,5 миллиард теңге­ден астамы ғана иге­рілді. Ны­сан­дардың бәрінің әлеу­мет­тік сала үшін маңызы зор. Оның ішінде 35 тұрғын үй, 32 инфра­құрылымдық нысан, 4 мәдениет үйі, 3 спорт кешені, 5 мектеп пен 2 аурухана бар. Әлеуметтік салаға серпін беретін нысандардың құрылысындағы ұзаққа созылған кідіріс қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр. Мұны сыбайлас жемқорлық қаупі мен жауапты органдардың әрекетсіздігінің ықтимал көрінісі ре­тінде бағалаған жөн», деп мә­лім­­деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, жергілікті атқа­ру­шы органдарға анықтал­ған сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін жою үшін бірнеше ұсыныс беріліп отыр. Біріншіден, құрылысы аяқталған, бірақ түрлі себеппен қабылданбаған нысандарды анықтап, түпкілікті шешім қабыл­дау қажет. Екіншіден, ке­лісім­шартта көрсетілген міндет­­темелерін орындамаған мер­дігер­лерден тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды жеделдеткен жөн. Үшіншіден, негізгі нысандардың құры­лысын аяқтау үшін тендерлік рәсім­дерді жүргізу керек. Төртіншіден, жосық­сыз мер­дігерлерді тану туралы талап-арыз­дардың берілуін бақылау күшейтілуге тиіс.

«Біздің ұсыныстарымыздың тиімді тұстары бар. Біріншіден, бұл нысандар құрылысының кешіктірілуіне жол берілмейді. Екіншіден, бюджет қаржысын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Осы кезге дейін мердігер­лерден 69 миллион теңгеден астам тұрақ­сыз­дық айыбы өндірілді. Жосықсыз ком­па­ниялар арнайы тізілімге енгізілді. Заң бұзушылықтарға жол берген шенеу­нік­тер­ді жауапкершілікке тарту шаралары қа­былданды», дейді Е.Серікқалиев.

«Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру, маңызды әлеуметтік нысандар құрылысының уақтылы аяқталуын бақылау мақсатында мониторинг жүргізілді. Мәселен, Мұқыр ауылдық округінде мәдениет үйі 400 орынға есептелген. Бұрын құрылысқа 2 мер­дігер тартылды. Алайда екеуі де жұ­мысты мерзімінде тапсыра алмады. Аталған нысандағы түйткіл бірінші мер­ді­гердің шартта көзделген міндеттерді тиісті деңгейде орындамай, қаржылық қиын­дыққа байланысты құрылысты тастап кетуі­нен туындады. Екінші мердігермен жа­салған шарттың заңдылығы тұрғысынан сот про­цесі жүр­гізіліп жатыр», деп мәлім­деді департамент басшысының бірінші орын­басары Нұрлан Жахин.

Оның дерегіне қарағанда, нысан жоба­сына түзетулер енгізілген. Сөйтіп, 2024 жылғы 5 шілдеде жаңа мердігер – «Жиенбай» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу шарты жасалған. Қазір мәдениет үйі құ­рылысының 27%-ы ғана орындалған.

Осы кезге дейін бағаналарды құю аяқталған. Енді еден плитасының қалыптарын монтаждау жүріп жатыр.

Атырауда құрылысы ұзаққа созылған нысандардың қатарында Талқайраң ауы­лын­дағы жаңа шағын ауданның құрылысы да бар. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев берген деректерге сүйен­сек, Атырау қаласының бас жос­па­рына сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлер са­луға мұнайлы шаһар маңындағы елді ме­кен­нен 62 гектар жер телімі бөлінген. Содан соң тұрғын үйлер құрылысының жоспары жасақталған.

«Соған сәйкес 70 тұрғын үй салу жоспарланған. Оның ішінде 1 080 пәтерлік 24 тұрғын үйдің 2019 жылы құрылысы бас­талған еді. Үйлердің аумағы 56 мың 323 шар­­шы метрді құрайды. Қазір 8 үй­дің құры­лысы толық аяқталды. Тұрғын үй­лерді инженерлік-коммуникациялық жүйе­­лердің құрылысы тиянақталған соң қол­­­да­­нысқа беру жоспарланып отыр», деп хабар­лады Р.Жұмағазиев.

Спутник қалашығы аумағында магис­тралдық электр желісі бар 110/10 кВт қо­салқы станса құрылысы аяқталды. Алаң­­нан тыс аумақта электр желісі тар­тылған. Қазір 24 тұрғын үйде алаңішілік электр желісін тарту жұмысының 90%-ы атқа­рылыпты. Жаңа шағын ауданда магис­тралдық газ құбырының құрылысы АГРС қондырғысымен қоса жүріп жатыр. Газ жеткізу құбырының, алаңнан тыс газ желісін электрмен қамту құры­лысы аяқталып тұр. Құрылысы аяқ­талуға жақындаған 24 тұрғын үйді газбен қамтитын желінің құрылысы да бітті. Мұнда ұзындығы 9,3 шақырым магис­трал­дық су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Су құбырының дайындығы – 95%.

«Тұрғын үйлерге су және кәріз құбы­рын жеткізу нысанының құрылысы аяқ­талды. Ұзындығы 22 шақырым магис­тралдық кәріз желісінің құрылысы бас­талды. Қайыршақты ауылдық округіне қарасты ауылдар аталған кәріз желісіне қосы­луына байланысты жобалау-смета­лық құжаттамаға түзетулер еңгізіліп жатыр. Осы айда жобаға мемлекеттік сарап­та­ма­ның қорытындысы алынады», дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Алайда жаңа шағын ауданда жылу же­лісін жүргізу әлі толық аяқталмай отыр. Мәселен, қуаты сағатына 99 гкал құ­рай­­тын қазандықтың құрылысына бай­ла­нысты жобалау-сметалық құжат­тама­сы жасақталып, сараптамадан өткі­зуге жіберілген. Жылу жеткізу желісі құры­лы­сының 25%-ы орындалды. Алаңнан тыс жы­лу желісін жүргізу аяқталды. Aлаң­ішіл­­ік жы­лу желісінің 75%-ы жүр­гізілген. Қазір авто­көлік жолы мен абаттандыру жұ­мысы қоса атқарылып жатыр. Шағын ау­д­ан­дағы №1, №4 көшеден басқа­сында ас­тың­ғы ірі қа­бат­ты асфальт салынды. Жол­дың дайын­ды­ғы – 60%.

«Магистралдық байланыс желісінің 70%-ы дайын тұр. Үйаралық байланыс желісін жүргізуге жер қазу жұмысы ке­дергі келтірді. Соған байланысты жұ­мыс уақытша тоқтатылды», деп мәлімдеді баспасөз хатшысы.

 

Атырау облысы