
Жолдың жақсы болуы талаптар мен стандарттардың сақталуынан бөлек материал сапасына да тікелей байланысты. Осыдан біраз жыл бұрын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізін салуға қатысқан жергілікті компаниялар қазір жеткілікті тәжірибе жинақтады. Құрылыс материалдарын өндіру үшін қуатты құрылғылар алып, асфальт-бетон зауыттары ашылды. Қазір облыс аумағында осындай 23 зауыт жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындар шығаратын құрылыс материалдарын «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мамандары тұрақты бақылап отырады.
Аймақта жол саласында тәжірибесі бар компаниялардың бірі «УАД» серіктестігінің асфальт-бетон зауыты қалаға жақын Белкөл кентіне таяу орналасқан. Асфальт шығаратын екі заманауи зауытта құрылыс материалдары италиялық технологиямен өңделеді. Әр асфальт жабындысының өзіндік қоспалары, нормативтік талаптары бар.
«Олардың бірі сағатына 210, екіншісі 180 тоннаға дейін асфальт шығарады. Зауыттың темір бөлшектері Қытайдан жеткізілсе, дайындау технологиясы Италия мемлекетінікі. Зауытта битумды қажетті градуста қыздырып, керекті материалдарды қосамыз. Бір сағаттың ішінде асфальт дайын болады. Өзіміздің пайдалануымыздан бөлек өзге де компанияларға тапсырыс бойынша материал дайындап береміз. Қиыршық тасты Жаңақорғандағы Шалқиядан жеткізіп отырмыз. Онда өзіміздің тас ұнтақтайтын цехымыз бар. Битумды Павлодар мен Шымкенттегі мұнай зауыттарынан алдырамыз», дейді «УАД» ЖШС директорының орынбасары Мұрат Сәрсенбаев.
Маман қыста салынатын асфальттың сапасы сын көтермейтінін айтып отыр. Өздері қажетті талаптарды толық сақтап, күн суығанда өндірісті тоқтатады. Қыстағы тоңы кетіп, жер қыза бастағанда жұмысқа қайта кіріседі. Қазір 200-ден аса адам еңбек ететін зауыт зертханасында өнім сапасы ұдайы тексеріліп тұрады. Зертхана инженері Жұлдыз Сағындықова зауыттағы тәжірибелі маманның бірі. Асфальт құрамынан бөлек инертті материалдар да зертханалық тексеруден өтеді. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін мұндағы мамандар олқылық анықталса, дереу қалпына келтіреді.
Ал «Қыран» ЖШС «Қызылорда – Жезқазған» республикалық автожолын қайта жаңғырту жобасына қатысқан аймақтағы жалғыз кәсіпорын. Асфальт-бетон зауыты қаладағы бұрынғы өндірістік аймақта орын тепкен. Мұндағы басты ерекшелік өндіріс шаңын бұрқыратып, айналаның берекесін кетірмейді. Украиндық технологияға негізделген зауытта 260 сүзгі шаңды да, иісті де шығармайды. Қазір мұнда күніне мың тонна көлемінде асфальт шығарылса, қажет болғанда бұл көрсеткіш екі есе ұлғаяды.
Зауыт директорының орынбасары Әбсұлтан Ибрагимов серіктестік қала ішінде жол жөндеу, облыс орталығы маңындағы саяжай аумақтарына апаратын жолдар салуға дайындалып отырғандарын айтады. Көрші облыстар аумағында жобалар бар.
«Материалдың сапасын тексеріп барып, өндіріске пайдаланамыз. Қазір барынша қажетті шикізат қорын жинап жатырмыз. Тағы бір көшпелі зауытымызды Түркістан облысындағы күре жолды жөндеу жұмыстарына пайдаланамыз. Жолды талапқа сай, сапалы салатын серіктестік еліміздегі белді кәсіпорындар қатарында тұр», дейді зауыт басшысының орынбасары.
Шикізаттың дені осы өңірден. Асфальтқа қосатын минералды ұнтақты да жергілікті кәсіпорын өндіріп отыр. Тек битум ғана Ресейден әкелінеді. Оның бір себебі – отандық мұнай зауыттары битумдарының бағасы қымбат. Зауыт өкілдерінің айтуынша, Ресейден келетін битум тасымалын қосқанда мына тұрған Шымкенттегі кәсіпкерлер ұсынып отырған бағадан арзанға түсіп отыр. Әрі сапасы да жоғары.
Үш жүзге жуық жұмысшысы бар зауыттағы кейбір мамандар Украинадан оқып келген. Әңгіме маманға ойысқанда зауыттағылар кезінде елімізде болған оқу өндірістік комбинаттарын жаңғырту керектігін айтып қалды. Мысалы, кезінде Ақтөбе мен Алматыда осындай комбинаттар жұмыс істеп, салаға қажетті мыңдаған маман дайындаған. Қазір осы үрдіс үзіліп тұр.
Зауыттағылар жол сапасын бақылау қазір бір ізге түскенін айтады. Осыдан 10-15 жыл бұрын атүсті тексеріліп, қолында техникасы болмаса жол салуға кіріскендер көп еді. Маман жүрмеген жердің жайы белгілі ғой, көбінің салған жолы жыл айналмай жатып жарамсыз болып қалатын. Қазір талап күшейген. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары жыл сайын кәсіпорындардың техникалық мүмкіндіктері мен қондырғыларының талапқа сәйкестігін тексеріп, ұдайы бақылау жүргізеді.
«Бірінші сәуірден аймақтағы асфальт-бетон зауыттарына тексеру жүргізуді бастадық. Әзірге 15 зауыттың тиісті құжаттары мен материалдық-техникалық базасын бағалап шықтық. Жалпы, оларға қойылатын міндетті 16 талап бар. Соның әрқайсысын тексеріп, нормативтік талаптар бойынша қорытынды береміз. Егер кемшіліктер байқалса, тиісті сын-ескертпе беріп қайта түзетуге мүмкіндік беріледі. Тексеру кезінде фракцияға бөлінген қиыршық тастарға шаң араласпауын да қадағалаймыз. Олардың әуелі шикізатты, одан кейін шығарған өнімін де зертханадан өткізуіне мән береміз. Зауыттан шыққан асфальт құрамы біздің зертханада да тексеріледі»,–дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының инженері Асылбек Қаппазов.
Қызылорда