
Жеңістің 80 жылдығына орай Әулиеата өңірінде бірқатар шаралар өткізілді. Атап айтқанда, Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Тараз қаласындағы «Келешек-Тараз» ғылыми-интеллектуалды мектеп-лицейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры, жазушы Б. Момышұлының 115 жылдығына орай «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» атты жылжымалы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрме барысында Б. Момышұлының өмірі мен шығармашылығы, Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған еңбектері және ол туралы жазылған естеліктерден құралған 5 стеллаж жасақталды.
«Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл күн бізге қаһарман жауынгерлердің ерлігі және тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегінің арқасында келді. Біздің облыстан 100 мыңнан астам адам майдан даласына аттанған. Біз А. Сухамбаев, С. Шәкіров, Б. Момышұлы, Ы. Сүлейменов сияқты батыр бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты да – осы», дейді көрме жетекшісі Ш. Көшенова.
Бұл күні тараздық жастар Ауған соғысы ардагерлері тұратын үйлердің аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізсе, Талас ауданында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша 6 соғыс ардагері және 1 447 тыл еңбеккері бар. Барлық соғыс ардагеріне бір реттік қаржылай әлеуметтік төлем (5 млн теңге) төленді.
Жамбыл облысы