
Фото: МНУ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласында ел азаматтарының сауатын арттырып, біліктілігін арттырудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Маңғыстау облысына жұмыс сапарында да Президент жаңа технологиялар мен ЖИ бағыттарын дамытудың өзектілігіне ерекше назар аударды.
ЖИ сын-қатерлеріне арналған легатон тақырыбы Ала-Тоо Халықаралық университеті (Қырғызстан), УрГЮУ (Екатеринбург, Ресей), «Жоғары экономика мектебі» Ғылыми-зерттеу университеті (Мәскеу, Ресей), ТГЮУ (Ташкент, Өзбекстан), MNU (Астана), Yessenov University (Ақтау), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, AlmaU, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ (барлығы Алматы қаласынан) студенттерінің ерекше қызығушылығын тудырды.
Заң саласындағы чемпионат зерттеу форумымен біріктірілді. Тоғыз студенттік команда екі күн бойы жасанды интелектінің адам құқығына әсері, саладағы сын-қатерлер кейсін талдап, нормативтік тәсілдерді әзірледі. Одан бөлек цифрлық құқықтың өзекті мәселелері жөнінен зерттеу жобаларын қорғады.
«Legathon өз өмірін заң үстемдігі мен әділеттілікті орнықтыруға арнаған ректор Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай өтіп жатыр. Біз идеялар бірігетін кеңістік құрғымыз келеді, ал студенттер тек қатысушылар емес, жаңа заң шешімдерінің тең авторларына айналады», деп атап өтті MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Студенттер денсаулық сақтау саласында ЖИ пайдалану кейсі бойынша шешімдерді және авторлық зерттеулерді ұсынды. Олар дербес ЖИ-жүйелерді жауапкершілікке тарту, жеке тұлғаның сандық көшірмелерін модельдеу сынды тақырыптарды қаузады.
Қатысушылар жұмысын Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Жоғарғы Сот өкілдері мен жетекші халықаралық және қазақстандық заң компанияларының серіктестерінен құралған жоғары кәсіби қазылар алқасы бағалады.
«Барлығы жоғары деңгейде, тіпті ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Мысалы, біз тек дауыс бергеннен кейін ғана қатысушылардың қай университеттен келгендерін білдік. Мұндай жарыстар студенттерге нағыз практика мен баға жетпес тәжірибе алуға мүмкіндік береді», деді Әділет вице-министрі Даниель Ваисов.
Бірінші орын Ресейден келген «Жоғары экономика мектебі» ғылыми-зерттеу университетінің студенттеріне бұйырды. Жүлде қоры 1,7 миллион теңгені құрады.
«Іс-шараның атмосферасы керемет. Біздің жұмысымыздың жоғары бағаланғанына қуаныштымыз», деді топ мүшесі Татьяна.