
Сурет: kpl.kz
Жақында клубтың бір топ қызметкері жыл басынан бері жалақы төленбегені жөнінде үндеу жасап, облыс әкімі Серік Шәпкеновтен көмек сұрады. Жалпы, Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы баспасөз қызметі мәлім еткендей, клубқа қатысты осы кезге дейін түйіні тарқатылмай келе жатқан бірнеше мәселе бар.
«Атырау облыстық прокуратурасы «Атырау» футбол клубы» ЖШС-ның 2022–2024 жылдары аралығындағы қызметін тексеріп, көптеген заңбұзушылықты анықтады. Мәселен, 2023 жылғы ақпанда шетел футболшысына 500 мың еуроның трансфері жасалып, оның 420 мың еуросы үшінші тұлғаға (Ресей Федерациясының азаматы) негізсіз аударылған. Делдалмен келісімшарт мәміледен екі апта бұрын жасалған. Бұл келісімшарттың заңдылығына күмән тудырады. 2024 жылғы желтоқсанда клубқа футбол федерациясынан 65 миллион теңге алынған. Аталған қаржының 20,4 миллион теңгесі есептен негізсіз шығарылған. 30 миллион теңгені жеткізілмеген тауарлар үшін аударған», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Басқарманың мәліметінше, футбол клубы жоғарыда көрсетілген жылдар аралығында 662,7 миллион теңге кіріс тапқан. Дегенмен кірістің 132,5 миллион теңгесі бюджетке аударылмаған.
«Құрылтайшыға қаржы есебі жүйелі түрде тапсырылмаған. Футболшылар мен жаттықтырушыға төленетін жалақының мөлшерін лимиттен асыру дерегі бар. Мәселен, футболшыларға 2 миллион теңге лимиттің орнына 3 миллион, жаттықтырушыға 4 миллион теңге төленген. «Судоремонтник» стадионы, команда автобусы жалға алу келісімінсіз заңсыз пайдаланылған. Жабдықтардың бағасын көтеріп, 180-200 мың теңге тұратын кір жуатын техниканың нарықтағы құнын 1,8 миллион теңге деп көрсеткен. Басқармаға биылғы қаңтарға растайтын құжаттарсыз, шығындардың алдын ала келісімінсіз 233 миллион теңгеге шот берілді», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Клуб 2018 жылдың ақпан айында сенімгерлік басқаруға берілген. Сенімгерлік басқаруды «Атырау» кәсіби спорт клубы» қоғамдық қоры қолға алған. Алайда осы жылдар ішінде клубтың қызметінде жүйелі проблемалар туындағаны байқалады. Оның ішінде құрылтайшылар мен басшылықтың жиі ауысуы, тұрақты спорттық көрсеткіштердің болмауы, қаржы-шаруашылық қызметіндегі ашықтықтың жеткіліксіздігі секілді кемшіліктер бар. Легионерлер саны негізсіз артқан, бюджеттің ашықтығы сақталмаған, нақты есеп берілмеген. Осындай себептерге байланысты облыстық прокуратураның ұсынысымен клубты мемлекеттің басқаруына қайтару туралы шешім қабылданды. Бұл қаражаттың мақсатты жұмсауға бақылауды күшейтуге, өңірдің футбол инфрақұрылымы мен кадрлық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Клуб қызметін жақсарту мақсатында арнайы стратегия әзірлеу жоспарланып отыр. Стратегияда біріншіден, ашықтыққа назар аударылады. Екіншіден, тұрақты басқаруға, үшіншіден, жастар мен балалар футболын дамытуға баса мән беріледі.
«Атырау» футбол клубы басшылығында да өзгерістер болғаны туралы ресми ақпарат тарады. Клубтың құрылтайшылары болған Жасын Хабибуллин мен Сержан Манасов өз орнын босатты. Құрылтайшылар құрамына Темірхан Сәрсенғалиев пен Дияс Елеусінов келді. Сондай-ақ клуб директоры Жандос Бектемір мен бас менеджер Манарбек Ержанов та өз қалауымен қызметінен кетті. Наурыздың соңында Дидар Сыдықбек «Атырау» футбол клубының бас менеджері қызметіне кіріскен еді. Бірақ арада 15 күн өткенде ол да қызметінен кетуді жөн көргенін мәлім етті. Ол бұрын «Қызылжар», «Астана-1964», «Ақтөбе», «Ордабасы» клубтарында ойнады. Футболдағы мансабын аяқтаған соң «Прогресс KZ» талдау қызметінің жетекшісі, «ИТЦ» АҚ бақылау бөлімінің санат маманы, «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының» жобалық кеңсе үйлестірушісі лауазымдарын атқарған. Кейін SD Family Group директоры, Қазақстан Медиа-футбол федерациясының президенті болған. Бұдан соң футбол федерациясының «Алаң» инфрақұрылымдық жобасының кеңесшісі ретінде басшылық қызметте тәжірибе жинаған.
«Өмірдегі ең басты ұстаным – өзіңе, өзгелерге адал болу. Мен бұл қаланы, футбол клубына қатысы бар адамдардың бәрін жақсы көремін. Ешкім қызметтен кетуге мәжбүрлеген жоқ. Аз ғана уақытта клуб пен аймақ басшылығы арасындағы қарым-қатынасты жақсарттым деп білемін», дейді Д.Сыдықбек.
Міне, «Атырау» футбол клубының қазанында осындай толғақты мәселелер қайнап жатыр. Мұнайлы өңірдің тұрғындары бюджеттен қомақты қаржы бөлінетін команданың адымы ашылғанын қалайды. Алайда ала доп қуған ұжымның жүлдені орындарға қашан ие болары әзірге белгісіз.
Атырау облысы