Аймақтар • 23 Сәуір, 2025

Балаларға арналған «Базарлық»

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында ­балалар әдебиеті апталығы жазушы Төкен Әлжантегі­мен өткен кездесуден басталды. Баспадан жақында ғана шыққан «Базарлық» атты жас оқырмандарға арналған кітаптың тұсауы кесілді.

Балаларға арналған «Базарлық»

Былтыр жазушы Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауыл­да» шығармасы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының «Үздік балалар әдебиеті» аталымында жеңімпаз атанған еді. Мінеки, жас өскіндерді тағы бір кітабымен қуантып отыр.

Жазушы Сүйіндік Жаныс­бай, балалар кітапханасының басшысы Баян Қуанышқызы салтанатты түрде жаңа кітап­тың тұсауын кесіп, жылы ле­біздерін білдірді.

Сүйіндік Жанысбай кездесу қонағының шоқтығы биік шығармаларына тоқталып, жа­ңа кітаптың жас оқырман үшін таптырмас тәрбие құ­ра­­лы­на айналатынына сенім біл­дірді. Сөйтіп, өзінің де жа­қын­да шыққан «Алтын тостақ» атты ер­тегілер кітабын тарту етті.

«Кітапхана қорында бала­ларға арналған сапалы, түрлі түсті кітаптар көбейген сайы­н оқырман саны да артады. Себебі кітапханаға алғаш келген бала қызылды-жасылды, әдемі безендірілген кітапқа қол созады. «Базарлық» кіта­бы балалардың талға­мы­на сай шыққан. Кітап­хана қо­рының осындай кітап­пен толыққанына өте қуа­ныш­тымыз», деген кітап­хана басшысы Баян Қуанышқызы ұжым атынан Алғысхат пен Абайдың бюстін сыйлады.

Шәкірттері атынан сөз алған қаламгердің қарындасы Салтанат Смағұлтегі жазушыға қолсағат, қаламгердің жарына қазақтың жөн-жоралғысымен орамал сыйлады.

Кешке жазушының туған жері Жаңаарқадан да меймандар келіпті. Қаламгердің ел аузында жүрген «Жаңаарқа валь­сі» әнін Мей­рам­гүл Кәріп­жанова шыр­қады.

Жас оқырмандар жазу­шыға шығармашылығы, жа­ңа кітабы жөнінде түрлі сұ­рақ жаудырт­ты. Қаламгер де сүйікті оқырмандарын са­ғынса керек, әр сауалға жүйелі жауап қайырып отыр­ды. Осы­лайша, жас оқырмандар­мен емен-жарқын әңгіме кештің соңына жеткенін де сездірмеді.

 

Қарағанды облысы