
763 шаршы метр аумаққа орналасқан «Маңғыстау» теміржол вокзалы кешенінің аумағын ұлғайту барысында «Қазақстан теміржолы» ҰК теңгеріміндегі 2 гектарға жуық жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, қазіргі таңда сүру жұмысы басталды, реконструкциялау жұмысына байланысты «Маңғыстау» теміржол вокзалы уақытша жанындағы бос ғимаратқа ауыстырылды.
Көлік министрлігінің мәліметінде жарияланғандай, еліміздің барлық өңірінде 125 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары басталған болса, Маңғыстау облысы «Маңғыстау» стансасындағы теміржол вокзалын жөндеу жұмысы осы жаңғыртудың аясында қолға алынған.
Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиевтің айтуынша, «Маңғыстау» теміржол вокзалын жаңарту жұмысын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, жұмысқа әзірге 150-ге жуық жұмысшы жұмылдырылып отыр.
Маңғыстау өңірінде теміржол вокзалдарының жағдайы мәз емес – шағын бекеттерді айтпағанда, аты дардай вокзалдардың өзі көзге қораш, ескірген, заманауи талаптарға сай келмейді. Мәдениеттің босағадан басталатынын ескерсек, бұл туризмді дамытамын деген өңір үшін қолайсыздық тудыратыны белгілі. Әсіресе облыс орталығы Ақтау қаласына жолаушы қабылдайтын «Маңғыстау» стансасындағы вокзалдың жұпыны халі тұрғындарды көптен толғандырып жүрген еді. Биыл ел Үкіметінің қолдауымен Маңғыстауда бір емес үш возкалға – «Бейнеу», «Шетпе», «Маңғыстау» вокзалдарына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Үшеуі де күре жолдың бойындағы ең ірі орталықтар, Ақтауға пойызбен келемін деген жолаушы Бейнеу мен Шетпе арқылы жетеді.
Алдымен қолға алынған «Маңғыстау» стансасындағы вокзалды жөндеу жобасы барысында вокзалдардың ішкі және сыртқы келбетін толық жаңартумен бірге сервистік инфрақұрылымы өзгертілмек. Бұл жөнінде Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов айтып берді.
– Кешенді жаңғырту барысында кассалар, анықтама орны, дәретханалар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді болады. Сондай-ақ көтергіш құрылғылар, тактильді жолақтар, индукциялық панельдер орнатылып, арбалар жаңартылады. Жаңа дәмхана ашу, вендинг аппараттарын орнату, сақтау камераларын кеңейту, демалыс бөлмелерін және «Ана мен бала» бөлмелерін ұйымдастыру, күту залдарын тегін Wi-Fi желісімен жабдықтау жоспарланған, деді Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов.
Маңғыстау облысы