Қылмыс • 23 Сәуір, 2025

Ақтөбеде 90 адамды алдаған емшінің ісі сотта қаралып жатыр

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбеде өзін емші ретінде таныстырып, адамдарға банктен несие рәсімдеткен әйелдің ісі қаралып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Ақтөбеде 90 адамды алдаған емшінің ісі сотта қаралып жатыр

№2 Ақтөбе қалалық сотында басталған процеске сәйкес, оған Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабымен айып тағылған. Іс материалдарына сүйенсек, 2018 жылдан бастап 2024 жылға дейін ол 90 адамды алдап, ірі көлемде қаражат жымқырған.

Өзін шығыс халық медицинасының магистрі және кәсіби емші ретінде таныстырған Қазыбаева тұрғындарды Ақкөл ауылында марқұм інісінің атына мешіт салу және қызының Түркияда емделуіне ақша қажет деген желеумен сендіріп, несиелер рәсімдеткен. Ол зардап шеккендерге алған ақшаны екі ай ішінде қайтаратынын айтып сендірген.

— Сұлушаш Қазыбаева қасақана пайда табу мақсатында адамдарды алдап, бірнеше мәрте бөтеннің мүлкін иемденген. Бұл әрекетін ұзақ уақыт бойы жүргізіп келген, — деді мемлекеттік айыптаушы Гүлназым Әлиева.

Сот отырысына жәбірленушілердің бірқатары қатысты. Олардың айтуынша, Қазыбаеваға сеніп, ірі көлемде несие алып берген.

— Қызымыздың денсаулығы үшін ем іздеп барғанбыз. Ол отырмайды, жүре алмайды. Сұлушашқа сеніп, 6 ай ем алдық, бірақ нәтиже болмады. Өзім 2,5 млн теңге, жолдасым 2 млн теңге несие алды. Қазір ол қара тізімге енбеу үшін қарызды өзі өтеп жатыр. Біз саяжайда тұрамыз, — деді жәбірленуші Гүлбану Науанова.

Айыпталушының екі қызы бар, өзі отбасылы. Ол сот процесінің жабық өтуін сұрағанымен, іс заң талаптарына сәйкес ашық түрде қаралып жатыр.