
Фотолар: Түркі Академиясының баспасөз қызметі
Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев шараның тұсаукесер рәсімінде сөйлеген сөзінде басылымның Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.
Романның орыс тілінен аударылған әзербайжан тіліндегі алғашқы нұсқасы 1954 жылы Эюп Аббасовтың тәржімелеуімен, сол кездегі кирилл қарпінде жарыққа шыққан еді. Содан бері 70 жыл уақыт өтсе де атақты туынды әзербайжан оқырмандарына қайтадан ұсынылмаған.
Түркі Академиясының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше жаңа аударма латын қарпімен, әзербайжанның әдеби тіл нормаларына сай және қазақ тіліндегі түпнұсқасымен салыстырылып, алғашқы басылымдағы қателіктері түзетіліп, кеңес үкіметі кезінде цензураға ұшыраған тұстары қайтадан толықтырылып басылған.
Академик Шаһин Мұстафаев романды жарыққа шығаруға үлес қосқан редактор Фарид Хусейнге және барша шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.
«Абай» романының мұндай форматта жарық көруі – тек әдеби оқиға ғана емес. Бұл – мәдени жадыны жаңғырту, ортақ рухани мұрамызға деген құрмет пен оны сақтау жолындағы нақты қадам. Түркі Академиясы алдағы уақытта да түркі халықтарының мәдени-рухани мұрасын зерделеу және насихаттау бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастыра береді», деді Академия басшысы.
Тұсаукесерге Әзербайжандағы Ататүрік орталығының жетекшісі Низами Джафаров, Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел, ТҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ер, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының аппарат жетекшісі Фахри Хаджиев, сондай-ақ ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері, әдебиет және мәдениет қайраткерлері қатысты.