Мұндай мәдени іс-шара облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен екінші рет өтіп отыр. Аймақтық деңгейде өткен байқауға 50-ге жуық қатысушыдан өтінім түскен. Ұсынылған аудиоертегілер арасында қазақ, орыс халқының ертегілері, сондай-ақ авторлық ертегілер бар.
«Байқауға келіп түскен материалдардың барлығын тыңдап, ұйымдастырушылар ұсынған байқау өлшемдеріне сай бағалап шықтық. Осы жұмысты атқару барысында қатысушылардың еңбекқорлығына, жауапкершілігіне, шеберліктеріне сүйсіндік. Көру қабілеті бұзылған балалардың ерекшелігін есепке ала отырып, ертегі оқуға қойылатын талаптарды сақтауға тырысқан. Қатысушылардың дені жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен кітапханашылар болды», дейді Жазушылар одағының мүшесі, Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің аға оқытушысы, қазылар алқасының төрағасы Салтанат Кеңесбекова.
Бұл байқауға Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және облысымыздың Балқаш, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау, Нұра, Ақтоғай аудандарынан 50-ге жуық шығармашылық жұмыс түскен.
Сонымен, «Залым түлкі» аудиоертегісін шебер таспалаған Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласынан Гүлмайра Саменова мен «Теремок» орыс халық аудиоертегісімен қарағандылық Екатерина Федотова бірінші орын алды.
Ал екінші орынды «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» қазақ халқының аудиоертегісімен Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданынан Гүлмайра Жақыпова мен Шарль Перроның «Кот в сапогах» аудиоертегісі үшін қарағандылық Роман Тен иеленді.
Үшінші орын «Момынбай мен жеті қарақшы» аудиоертегісімен Қызылорда облысынан Еркебұлан Өтеуов пен «Ормандағы үйшік» орыс халқының ертегісі үшін Балқаш қаласынан Меруерт Утеноваға бұйырды.
Мұнымен қоса, «Үздік аудиоқойылым» аталымында «Бес ешкі» шығармасы үшін Шымкент қаласынан қатысқан Кәмшат Аппазова мен «Лучший чтец» аталымы бойынша «Вздорный воробей» аудиоертегісі нұралық Раушан Ивашкина ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Жүлдегерлерге диплом мен қаржылай сыйлық берілді.
Қарағанды облысы