
Салтанатты рәсімде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі мәдениет пен руханият саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн. теңге болатын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, ел игілігіне қызмет етуде. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, пайдалануға берілді. Қазір облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, тарихи-өлкетану музейі салынып жатыр. Аталған нысандар жақын күндері іске қосылмақ.
Салтанатты шарада аймақтың мәдениет саласына елеулі үлес қосқан сала мамандары марапатталды. Асанәлі Әшімов жылы лебізін білдіріп, Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Дара» медалін табыстады. Сондай-ақ, фестиваль қонағы, Сәбира Майқанованың қызы Гүлдәр Әбділқызына құрмет көрсетілді.
25–30 сәуір аралығында өтетін фестивалге Грузия, Румыния, Қырғызстан мемлекеттерінен келген театр ұжымдарымен қатар, Жезқазған, Семей, Ақтөбе, Атырау, Талдықорған, Қостанай және Алматы өңірлерінің сахнагерлері қатысады.