Технология • 25 Сәуір, 2025

ТЖМ 120 миллион теңге тұратын дронның сынақтан өтіп жатқанын хабарлады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев аталған дрондарды сатып алу жұмысына тоқталып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

ТЖМ 120 миллион теңге тұратын дронның сынақтан өтіп жатқанын хабарлады

2024 жылдың қараша айында министр Шыңғыс Әрінов әр данасының құны 120 млн теңге болатын өрт сөндіргіш дрондар алу туралы ойы барын айтқан болатын.

– Оның қандай ерекшелігі бар? 150 метрге дейінгі биікке көтеріліп, өрт сөндіре алады. Бізде бар өрт сөндіретін көліктің кез келгенінен жалғанып, қанша уақыт қажет болса, сонша мерзім бойы өрт сөндіру жұмыстарын атқара алады, – деген еді сол кезде.

Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында Өртке қарсы қызмет комитетінің өкілдері осы жобаның артықшылығын сөз етті.

– Ол дрон қазір Астана қаласында сынақтан өтіп жатыр. Яғни, әзірге бір данасын ғана алдық. Мысалы, кеше ғана Abu Dhabi Plaza кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізгенде осы дронды пайдаландық. Ол аппарат зәулім ғимараттардың қасбетіндегі және балкондардағы өртті сөндіруде айтарлықтай тиімді екенін көрсетті деуге болады. Бұл тәжірибені әлі де пысықтап, бақылаймыз. Шынымен тиімді екенін көрсетсе, жаппай сатып алу туралы шешім қабылдаймыз, – деп нақтылады Қанат Доспаев.

Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Елдос Зияда болса, министрлік өз жұмысында пилотсыз ұшатын аппараттарды жиі қолданатынын жеткізді.

– Қазіргі уақытта министрлік балансында 160-тан астам дрон бар. Ол дрондар көбіне өртті ерте анықтауға пайдаланылады. Әуеден мониторинг жасауға да жиі қолданамыз. Маманданған орталықта арнайы дрондар бар. Ол өзі түсірген бейнені онлайн режимде орталыққа жіберіп отырады. Әрбір орман алқаптарының қасында Төтенше жағдайлар министрлігінің қосымша күштері жұмылдырылған. Әрбір өрт сөндіргіш көліктің қасында бір дрон бар. Олар өртті ерте анықтап ғана қоймай, жалынның беталысын нақтылап, дәл бақылауға да қолайлы, – деді ол.