Әлем • 28 Сәуір, 2025

Жолы болып жолдама ұтып алды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

EXPO 2025 көрмесінде Қазақстан павильонының 100 мыңыншы қонағы Түркістанға сертификат ұтып алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жолы болып жолдама ұтып алды

Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан EXPO 2025 дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан павильоны 100 мыңыншы қонағын қарсы алды. Бұл мәртебелі қонақ – Нара қаласының 37 жастағы тұрғыны, Жеке қаржылық бастамалар қауымдастығының жоба менеджері Акиба Акихито.

Акихито мырза павильондағы экспозицияларға тәнті болғанын айтып, Қазақ хандығының тарихы мен заманауи технологиялардың үйлесіміне ерекше назар аударды. Ол «ALEM» құрылғысын көріп, Қазақстанның терең тарихы мен болашаққа деген көзқарасының үйлесімділігін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Қазақстанның мәдениетімен жақынырақ танысу үшін Түркістанға барғысы келетінін білдірді.

Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Акихито мырзаны құттықтап, оған «Karavansaray Turkistan» туристік кешеніне екі адамға арналған сапар сертификаты мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Қазақстан павильоны төрт негізгі аймақтан тұрады: тарих, мәдениет, экономика және инновация. Павильонның тұжырымдамасы шаңырақ символына негізделген және 3D мэппинг, иммерсивті проекциялық шоу сияқты заманауи технологиялармен жабдықталған. Сонымен қатар, павильонда еліміздің инвестициялық және экономикалық әлеуеті, табиғи ресурстары, туристік және инновациялық мүмкіндіктері, «жасыл» энергетика және тұрақты даму саласындағы жетістіктері көрсетілген.

Айта кетейік, EXPO 2025 көрмесі 13 сәуірде басталып, 13 қазанға дейін жалғасады. Көрмеге 158 ел мен 9 халықаралық ұйым қатысып жатыр.