Инфрақұрылым • 29 Сәуір, 2025

Жетісу облысы 92 пайызға газбен қамтылады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі газдандыру және цифрландыру жұмыстары туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісу облысы 92 пайызға газбен қамтылады

Әкімнің айтуынша, облыстағы 358 елді мекеннің 192-сі газдандыруға жатады. Қазіргі уақытта 84 елді мекен көгілдір отынмен қамтылған, бұл 404 мың адамды немесе өңір халқының 58,2%-ын құрайды. Жыл соңына дейін тағы 42 елді мекенге газ тарту көзделіп отыр.

Жетісу облысы құрылғанға дейін небәрі 5 елді мекен ғана газбен қамтылған болатын. Бүгінгі таңда газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, «Талдықорған–Үшарал» магистральды газ құбырының құрылысы 97%-ға аяқталып, 294 шақырымдық құбыр желісі салынды. Сонымен қатар, 6 автоматтандырылған газ тарату станциясын орнату жұмыстары басталған. Жоба қазан айында толық аяқталады деп жоспарланған.

Аталған магистраль арқылы Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 66 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, оның сараптамалық қорытындысы биылғы қыркүйекте дайын болады. Бұл жобаларға 2026–2027 жылдары республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажет.

– Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда Жетісу облысының 642 мың тұрғыны немесе жалпы халықтың 92 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді, – деді Бейбіт Исабаев.

Әкімнің айтуынша, өңірді газбен қамту жұмыстары үнемі бақылауда және кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.