Өнер • Кеше

Адамдық пен сатқындық арасындағы таңдау

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» театрында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбайдың «Бір адамға екі өлім жоқ» атты тарихи драмасының премьерасы өтті. Спек­такль­дің қоюшы режиссері – Бағдат Әшім.

Адамдық пен сатқындық арасындағы таңдау

Қуғын-сүргін жыл­да­рындағы халықтың бас­тан кешкен қай­ғы-қасіреті көркем бейнеленген спектакль көрерменін бейжай қалдырмайды. Өйткені драма тарихи шындыққа негіз­делген. Басты кейіпкер Мұхиден Төлеубеков – өмірде болған тұлға. Ол – жалған жаламен «халық жауы» деп айыпталып, өлім жазасына кесілген азаматтардың бірі. Алайда қанды қырғын жүзеге асқанда Мұхиден жараланып, мәйіттер арасында жасырынып аман қалады. Сол жерден Үміт есімді жиенінің үйіне қансырап жетіп, бас сауғалайды. Ал Үміттің күйеуі Сәмен шахтада жұмыс істейтін, кеңестік идеологияға шындап берілген адам еді. Бас сауғалап келген Мұхиденді НКВД-ға ұстап беруді ойлағанымен, соңында адамдық сезімі жеңіп, ол райынан қайтады. Алайда ауыл белсенділерінің аңдуымен Мұхиден қайта ұсталып, тағы да өлім жазасына кесіледі. Осылайша, ол бір өмірінде екі мәрте ату жазасына ұшы­райды. Пьесаның қысқаша мазмұны – осы. «Шаңырақ» театры сахналаған спектакльдің соны қырлары, актерлердің, режиссердің өзіндік ізденістері жүрекке жылы тиді. Сондай-ақ студент жастардың ойын­да­ры көңілге қонымды шық­ты. Мұны көрермендер қоше­ме­тінен аңғардық. Қойылым соңында драма авторы Жамбыл Артық­­­бай тарихи деректерге негізделген пьесаның бас­ты идеясы туралы әңгімелеп, «Шаңырақ» театрының өнерлі жастарына және театрдың көркемдік жетекшісі Жамбыл Тілеповке алғыс білдірді.

– Өмірдің әр сәтінде, әр секундында біз жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен сатқындықтың арасында таңдау жасаймыз. Егер сатқындықты таңдаса, сол сәтте-ақ оның ішіндегі адам өлді деген сөз. Кейінгі өмірінде оның тек сырт­қы бейнесі, қауашағы ғана қала­ды. Ондай «адамдар» жүз жыл жасауы мүмкін, бірақ олар­дың ішінде жүрек, рух бол­майды. Біздің пьесадағы негізгі драмалық түйін де осы. Пьесадағы Сәменнің алдында екі таңдау тұрды. Мұхиденді ұстап берсе – сатқындыққа барып, адамдықты өлтіреді. Ұстап бермесе – өз өміріне қауіп төнеді. Осындай қиын таңдаудың ортасында қалған адамның ішкі арпалысы қойылымда жақсы ашылған», деп Жамбыл Артықбай студент жастарға батасын берді.

Айта кетейік, «Шаңырақ» театры­ жақында ғана Дубайда өткен байқауда топ жарып, бас жүлдені олжалады. Оның алдында Испания, Әзербайжан сынды мемлекеттерде ел мерейін асырып жүрген сту­дент­тік театрдың халықтық театр атағын алатын күні де алыс емес деп сенеміз.