
Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Булиш Ата» шаруа қожалығы төрағасы Бахадур Булишев иелігіндегі 0,14 гектар жеріне қызанақтың ерте пісетін голландиялық сортын егіп, тамшылатып суғару әдісін қолдану нәтижесінде 14 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Бірінші өнімге қыста еккен 300 мың түп баялды көшетін өндіріп сатқан.
«Бұған дейін тек көшет өндірумен ғана айналысып, жылыжайды тиімді пайдалана алмаған екенмін. Қазір жылына 2 өнім алуды қолға алдым. Қысымен көшет баптап, ерте көктемде сатамын. Кейін қияр, қызанақ, болгар бұрышы немесе баклажан егемін. Осылайша отбасылық ісімізді дөңгелетіп, табыс тауып отырмыз» дейді Бахадур Булишев.
Бір жерден жылына 2 рет өнім жинап, 10 млн теңге таза табыс тауып отырған қожалық 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5,7 млн теңге несие алып, жылыжай салған.