
Фото: МҚІА Баспасөз қызметі
Жиынға Көлік прокуратурасының, Көлік және Ішкі істер министрліктерінің, Техникалық реттеу және метрология комитетінің, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері қатысты.
Отырыста халықаралық автокөлік тасымалдары және көлік құралдарын тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапасы қаралды. Агенттік жүргізген бақылау нәтижесінде бұл бағытта 1800-ден астам құқықбұзушылық анықталған. Олардың қатарында қызмет көрсету мерзімдерінің сақталмауы, артық құжаттар талап етілуі, негізсіз бас тартулар және регламент талаптарының бұзылуы сияқты мәселелер бар.
Талқылау барысында өтінімдерді қарау мерзімінің кешігуіне әкеліп отырған бірқатар жүйелі түйткілдерге назар аударылды. Атап айтқанда, ақпараттық жүйелердегі жиі техникалық ақаулар, уәкілетті органдар мен тасымалдаушылар арасындағы өзара іс-қимылдың жеткіліксіз ашықтығы және үйлесімсіздігі сөз болды.
Кеңес қорытындысы бойынша ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, оларды интеграциялау және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.
Айта кетейік, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыра бермек.