Руханият • Кеше

Тойған Сариева: Алтын асық қалмасын айдалада

70 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ойындары – жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді құралы. Соның ішінде асық ойыны ерекше маңызға ие. Бұл ойын тек балалардың уақытын қызықты өткізу үшін ғана емес, олардың ой-өрісін дамытып, денсаулығын нығайтуға, ұлттық рухта тәрбие алуына мүмкіндік береді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Атырау облысы, Махамбет ауданындағы «Алтын балық» балабақшасында тәрбиеші, әдіскер, психолог қызметінен бастап көп жыл меңгеруші қызметін атқарған ардагер-ұстаз Тойған Сариева. Ол ұлттық ойынды жаңғыртуға үлкен үлес қосып, өз тәжірибесінде асықты оқу-тәрбие үдерісіне енгізіп, түрлі дидактикалық ойындар жүйесін қалыптастырған жан.

Тойған Сариева: Алтын асық қалмасын айдалада

Қазақ неге «Асығың алшысынан түссін» деген?

Педагогтың айтуынша, әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Бір ұлтты екінші ұлттан ерекшелендіріп тұратын оның тілі, мәдениеті, өнері, әдет-ғұрпы, ұлттық қолөнері, ұлттық ойындары және тағы басқа бір-біріне ұқсамайтын қасиеттері. Осылардың бәрі ұлттық құндылыққа жатады. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Сондықтан жас жеткіншектерді нағыз толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор.

Оның асыққа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Әкесі мал шаруашылығымен айналысқандықтан, үйде асық көп жиналған. Сол кезден бастап асық ойыны  өмірінің бір бөлігіне айналған. Кейін бұл қызығушылық кәсіби бағытқа ұласып, ол жинақтаған асықтар негізінде көптеген ойын түрлерін ойлап тапқан.

асық

«Асық – төрт түлік малдың тілерсегінде асық жіліктің басында орналасатын шымыр сүйек. Аңдардың да тілерсек асық жілігінің басында орналасады. Қазақта малдың да, аңның да асығы қасиетті саналады. Ертеде табиғаттың қатал, аңдардың олжаға оңай түспейтіндігін, аңшының адал еңбегі, ер азаматтың қайраты мен жаужүректілігі мықты болғандығын жақсы білеміз. Баласы ұл туса, бесігінің басына бөрінің асығын іледі. Бала – жаладан аулақ, шымыр, қайратты болсын дегені. Ал қыз бала болса, бесігінің басына еліктің асығын (жабайы) іледі. Сұлу, көрікті болып бой жетсін деп ырымға балаған екен. Келін құрсақ көтергенде, үлкен ата-әжелеріміз ырымдап асық жинай бастаған. Онысы – келінге көз тимесін, аман-есен ұл босансын деп тілегені екен.

Халқымызда «Асығың алшысынан түссін» деген жақсы тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады немесе басымдыққа ие болады. Яғни, алшы тұруы оның иесіне (балаға) сәттілік жолдас болып тұрғанын білдіреді. Сондықтан ата-бабаларымыз белгілі бір оқиғаға немесе осындай жақсы істі бастап, оның сәтті аяқталып, игі ісі жалғасы тапқан азаматтарға «Асығы алшысынан түсті» деп те айтқан екен.

Кезінде ата-бабаларымыз асықты осындай ұлттық деңгейге дейін көтергені тегіннен тегін емес. Өйткені асық ойыны балалардың жастайынан төзімділікке шыңдап, оларды мергендікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа, қағілездікке тәрбиелеген. Асықтарды қаз-қатар тізу кезінде олардың санын алу, кейін ұтысты есептеп, ұпай бөліскенде асық санау баланың математикаға бейімін арттырып қана қоймай, балаларды көз мергендігіне, қол буындарының икемді болуына баулиды. Асық ойнағанда адамның тек екі қолы емес, ойлау мүшелерінен бастап, иығы, аяғы, барлық бұлшық еттері қимылдайды. Былайша айтқанда, асық ойнаған бала жүгіреді, секіреді, көздейді, жеңеді, жеңіледі, ұтады, ұтылады... Міне осының бәрі таза бәсеке, таза дене тәрбиесі», дейді ұстаз.

Асық ойынының пайдасы қандай?

Тойған Сариева асықты тек ойын ретінде ғана емес, білім беру құралы ретінде де тиімді қолдана біледі. Ол балабақшада балаларға санауды, түстерді ажыратуды, уақытты бағдарлауды үйрететін дидактикалық ойындар ойлап тапқан. Сонымен қатар асықты музыкалық аспаптармен байланыстырып, шығармашылық бағытта да қолданған.

асық

«Ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтарды дәріптеу және балалардың бойына сіңіру менің ең басты ұстанымым. Бүгінде балалардың көпшілігі уақытын смартфон мен компьютер алдында өткізетіні белгілі. Бұл олардың денсаулығына да, тіл дамуына да кері әсерін тигізіп жатыр. Ал асық ойыны, керісінше, баланың саусақ моторикасын дамытып, сөйлеу қабілетін арттырады, ойлау жүйесін жетілдіреді.

Осы орайда «Алтын асық қалмасын айдалада» деп бала кезімде ойнаған асықты неге балабақшада қолданбасқа деген ой туындады. Осы мақсатпен жан-жақты көп ізденіп, асық туралы көп мәліметтер жинақтадым. Әкемнің қолымен тазаланып, жинаған 200-дей асық осы жұмысымның бастамасы болды. Бұл бастаған игі ісіме балабақша ұжымы мен ата-аналар да қолдау көрсетті. Осылайша 1 ай ішінде 500-дей асық жиналды. Жиналған асықтарды 1 сағаттан астам кальций қосылған ас содасымен қайнатып, кедір-бұдырларын тегістеп тазалап, лактап, әртүрлі ойынның түріне қарай бояп дайындадым.

Мақсатым қазақтың ұлттық құндылығы асықты пайдаланып, ұшқыр қиялмен ізденіс арқылы балабақшада баланың даму қабілетін арттыратын ойындар жинағын ойлап табу болды», дейді Тойған Сариева.

асық

Дидактикалық ойындар: Сиқырлы асықтар

Педагогтың ең алғашқы ойлап тапқан ойыны «Таным» саласы бойынша дидактикалық ойын «Сиқырлы асықтар» деп аталады.

асық

Бұл ойын балаларға санап, түстерді ажырата білуді үйретеді, саусақ моторикасын дамытады. Балалар асықтардың бүк, шік түсу атауларын үйреніп, жоғары – төмен ұғымдарын қалыптастырады.

асық

Ойын барысында екі қатарлы дөңгелек қалыптың төменгі қатарында түрлі түсті 1-ден 10-ға дейінгі сандар орналасқан. Әр санның қасында үлкен асықтар арқылы таяқшалар орнатылған. Сол таяқшалар арқылы қалыптың екінші қатарындағы киіз үйде жиналған асықтарды саны мен түсіне қарай жоғарыдан төмен қарай орналастыру қажет. Орналасқан асықтардың түсу атауларын айту керек (Бүк, Шік).

«Мен қандай түспін?» ойынында балалар ойын арқылы түстерді, пішіндерді ажыратады, санап үйренеді, аз – көп ұғымдарын қалыптастыру арқылы логикалық ойлауын дамытып, ойларын жүйелі түрде жеткізуге дағдыланады.

асық

Балалар пішіндердің атауларымен түстерін атап береді. Ортадағы түрлі-түсті асықтарды пішіндердің түсіне қарай орналастырады. Әр бала пішіндердің атын, түсін атап, неше асық жинағанын айтады. Сұрақ-жауап арқылы ең көп асық жинаған бала анықталады.

асық

Тойған Сариева осы сияқты асықтан жасалатын бірнеше ойын түрін ойлап тапқан. Санауға, сағат тілінің бағытын білуге, уақытты бағдарлап, күн тәртібін сақтай білуге үйрететін «Сағат», саусақ моторикасын дамыту арқылы ойлау қабілетін арттырып, түстерді ажырата білуге бағыттайтын «Көңілді асықтар»,«Сиқырлы айналма», «Тура және кері санау», «Баулау» секілді дидактикалық ойындарды ойнау арқылы балалар асықтың түсу тұрысын толық меңгереді. Сонымен қатар «Коммуникация» саласы бойынша «Әріптер сыры» ойыны кезінде 15 дауысты дыбыс қызыл текшемен, 27 дауыссыз дыбыс көк текшемен асық үстіне таңбаланады. Бұл ойын балаларды әріпті тануға, буынға бөліп оқуға үйретеді.

«Шығармашылық саласы бойынша да балабақшада асықты музыкалық ұрмалы аспап ретінде пайдаландық. Балаларды қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан жетіген ұлттық музыка аспабында ойнауға үйреттік. Аспап ағаштан жасалып, тиектеріне асықтар қойылды.

Адамның табандарында, алақандарында әртүрлі ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне жауап беретін сигналды нүктелер бар екені мәлім. Осыған орай «Денсаулық» саласы бойынша да массажды кілемшелер жасалды.

Балалардың денсаулығын шыңдайтын майтабандылықтың болмауына әсерін тигізетін, аяқтың ішке және сыртқа дұрыс басуларын жаттықтыру жұмыстарына арналған массажды кілемшенің ұзындығы – 115 см, ені – 55 см, табиғи таза ЭВА резеңке кілемшесіне 5-6 жастағы балалардың табан өлшеміне сәйкестендіріліп, ойылып, желімнің көмегімен әрқайсысына 14 асықтан орналастырылды.

Табанға арналған Массажды кілемше де табиғи таза киізге жібек жіппен бір қатар ұзыннан, бір қатар көлденеңінен кезекпен 88 асықтан тігілді.

Массажды қолғапқа 5 асық тізбектеліп, тігілді. Алақанға арналған «Массажды айналмалы асықтар» жасалды. Ағаш жақтауға орнатылған 12 сымға 4 асықтан тізбектелді», дейді ардагер ұстаз.

асық

Педагог сонымен қатар ұлттық асық ойындарын заман талабына сай бейімдеп, оларды балаларға түсінікті әрі жеңіл түрде ұсынған.

«Қанталапай, Тасқала, Алшы сияқты ойындар арқылы балалардың шапшаңдығы, ептілігі, ойлау қабілеті дамиды», дейді ол.

Тойған Сариева «Қазақтың ұлттық құндылығы – асық арқылы мектеп жасына дейінгі баланың даму қабілетін арттыру» тақырыбында авторлық бағдарлама жасақтаған. Бұдан бөлек жасаған «Алтын асық» бағдарламасы ересектер тобы мен мектепалды даярлық топтарына арналған 18 сағаттық вариативті бөлімнен тұрады. Осы еңбектерімен аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жеңіске жетіп, бағдарламасына авторлық құқық алған. 

асық

Ардагер педагог қазір зейнеткерлік жаста болса да ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Аудандық аналар кеңесінің төрағасы ретінде отбасылық құндылықтарды сақтау, отбасында, бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында еңбек сіңіріп келеді. Ол жасақтап шыққан асық ойыны – ұлттың рухани мұрасы ғана емес, болашақ ұрпақты жан-жақты дамытуға бағытталған маңызды құрал. Осындай құндылықтарды жаңғыртып, оны білім беру жүйесіне енгізу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы Тойған Сариева сияқты педагогтердің еңбегі – ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлкен үлес екені анық.

Соңғы жаңалықтар