Аймақтар • Бүгін, 10:05

Пакеттен пайда тапқан

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген кәдімгі полиэти­лен пакеттер Өскеменде тонналап өндіріледі. Сұраныс жоғары. Әсіресе алыс-жақын аудандардағы дүкен иелері бума-бумасымен әкетеді. Иә, қоршаған ортаға зиян де­генімізбен, біз бас сұққан «Bereket» ЖШС-да пайдала­нылған ескі пакеттерді де жинап, қайта өңдейді.

Пакеттен пайда тапқан

Суретті түсірген – автор

12 адамды жұмыспен қамтыды

Азық-түлікке пайдаланатын полиэтилен дорбалар сұйы­тылған газ түйіршіктерінен өн­дірілсе, қоқыс шығаруға арнал­ған қара пакеттерді қайта өңделген полиэтиленнен жасайды. Өндіріс ошағының басшысы Байжан Жауғашаровтың айтуынша, қолданылған ескі целофан пакеттерді тұрғындардан белгілі сомаға сатып алып, қа­й­та балқытады, пішінін келті­ріп созады. Мұның бәрін автомат­тандырылған арнайы құ­рыл­ғылар жасайды. Кәсіпорын иесі әуелде әртүрлі пакетті көтер­ме бағамен сатып алып, үстіне үстеме қосып, саудалап көр­ген. Саудасы жүре бастаған соң көлік тізгіндеген. Табанды еңбектің арқасында бұл күнде үлкен кәсіп ашып, 12 адамға жұмыс беріп отыр.

– Кәсіпті бастамас бұрын, сатып көру керек. Егер сұра­ныс болса, сол дүниені өнді­руге болады. Мен өзім пакет сатуды бұрын бастадым. Тұрақты тұтынушыларым бар. Сұраныс болған соң неге өзімізде өндір­меске деген ой келді. Нартәуекел деп, екі станок сатып алып, іске қостым. Өз-өзін ақтады, пайда түсіре бастады. Сөйтіп, кеңейе бердік. Ғимаратты да өз күшіммен көтеріп алдым, – дейді «Bereket» ЖШС басшысы Байжан Жауғашаров.

 

Бәсекелестердің бәрінен озды

Пакет шығару өндірісі дөң­гелей бастаған соң бәсекелес­тер де пайда болған. Алайда әріп­­тес­терінің кәсібі ұзаққа барма­ған көрінеді. Өйткені Байжан Жауғашаров бұл нарыққа бәрінен бұрын келді. Үздіксіз жұмыс істеп тұрған кәсіпорыннан күніне 1 тонна пакет шығады. Көбіне дорба мен құлақты пакеттер шығарады. Ең сұранысқа иесі осылар. Әйтпесе, цехта тұрған станоктар қызылды-жасыл пакеттің түр-түрін шығаруға қауқарлы. Соның өзінде қаладағы нарық­тың 20%-ын отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр.

– Сауда-саттықпен ай­на­лыс­қандықтан полиэти­лен па­кеттерді күнде­лікті қол­дана­мыз. Тұтынушы­ларымызға алған азық-түліктерін осындай пакетке салып береміз. Отандық өнім болғандықтан ғана емес, сапасы да ұнайды. Оның үстіне, жақын жерден алып отырамыз, – дейді жеке кәсіпкер Ботакөз Бақытбекқызы.

 

Сапалы өнімге сұраныс мол

Полиэтилен пакеттерін өндіру бірнеше кезеңнен тұра­ды. Станоктар автоматты бол­ғанымен, бәрібір маман қолын қажет етеді. Ең бірінші полиэтилен түйіршіктерін арнайы резервуарларға салып, белгілі бір температурада балқытады. Қажет болған жағдайда түстер мен беріктік қасиеттерін арттыру үшін қоспалар қосылады. Балқытылған полиэтилен экструдер құрылғысы арқылы жұқа пленка түрінде қалыптасады. Ол жоғары температурада созылып, жұқартылады. Осы кезеңде пленкаға түрлі түстер немесе логотиптер басылуы мүмкін. Қалыптасқан полиэтилен пленкасы роликтер арқылы салқындатылып, қажет­ті пішінге келтіріледі. Кейін ол үлкен орамдарға жиналады немесе нақты өлшемдер бойынша кесіліп дайындалады. Кесілген пленкадан пакеттердің түпкілікті формасы жасалады. Пакеттердің түріне байланысты, олардың жүк көтеру мүмкіндігі тексеріледі. Дайын болған пакеттер сапа бақылауынан өткізіледі. Кейін олар қапталып, сату орындары мен тапсырыс берушілерге жөнелтіледі. Бұл жұмыстарға мамандар әбден машықтанып алған. Олар шикізат сапасын, тем­пературалық режімді және пленка қалыңдығын қадағалайды.

– Аппараттың барлығын өзіміз реттейміз. Пакеттің өлшемі, температурасы қолмен қойылады. Барлығын реттеп алған соң, автоматты түрде өнімді шығара береді. Ал жалақымыз жұмысымыздың көлеміне қарай уақтылы төленеді, – дейді осы кәсіпорында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Серік Жұмабеков.

«Bereket» ЖШС шыға­рып отырған пакеттер арзан әрі күнделікті тұрмыста қолданылады. Сондықтан сұраныс кемімейді. Оның үстіне сапасына сын жоқ. Құлақты пакеттері 5-15 килоға дейін жүк көтереді. Қоқысқа арналған пакеттер тіптен мықты.

 

Келесі кезең – пластик бөтелкеден құбыр шығару

Байжан Жауғашаровтың ендігі ойы – пластик бөтелке­лер­ді қайта өңдеп, құбыр шыға­ру. Ол бір жағынан кәсіп көзі десек, екінші жағынан таби­ғатқа шашылатын полипропилен бөтелкелердің азаюына сеп болады. Егер құбыр шығаратын станок қойылса, тұрғындар қоқысқа тастайтын бөтелкелерді жинастырып, аталған кәсіпорынға апарып өткізулері әбден мүмкін. Осылайша, айнала зиянды қалдықтардан тазалана бермек.

Бұл әзірге жоспар. Десе де, жү­зеге асуы әбден мүмкін. Кә­сіптің қыр-сырын әбден мең­гер­ген Байжан алдымен құбыр­лар­ды көтерме бағамен сатып алып, қайта сатып көреді. Егер сұ­раныс жоғары болса, арнайы құ­рыл­ғылар алып, өзі өндіреді. Әзір­ше, пакеттен пайда тауып отыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы