Өшпес даңқ • Кеше

«Батырларға тағзым» порталы күн сайын толығып келеді

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде «Батырларға тағзым» порталы іске қосылған алғашқы күндері-ақ өңірлердің белсенділігі байқалды. Дегенмен ақпараттар әр өңірден әркелкі келді. Порталға келген анкеталардың саны күн сайын артып келеді. Мәселен, алғашқы айда Қарағанды облысы мен Алматы қаласы тұрғындары белсенділік танытқан. Бұл өңірлер – соғысқа қатысқан отандастарымыздың ең көп шоғырланған аймақтарының бірі.

«Батырларға тағзым» порталы күн сайын толығып келеді

25-30 сәуір аралығындағы есеп бойынша, ең көп анкета Ақмола облысынан түскен – үш күн ішінде бұл өңірден 276 өтініш келіп түсті. Жамбыл (108 анкета), Алматы (9 анкета), Ақтөбе (42 анкета), Атырау (21 анкета) және Шығыс Қазақстан облысы (34 анкета) да – белсенділік танытқан өңірлер қатарында. Ал Шымкент, Абай және Ұлытау облыстарынан әзірге ақпарат келіп түспеген. Сонымен қатар Ресей Федерациясынан – 49, Украи­надан – 12, Беларусь пен Қыр­ғызстаннан бірнеше анкета қа­был­данған. Жалпы есеп бойын­ша портал арқылы 793 анкета тіркеліп, сайтқа енгізіліпті.

Естеріңізге сала кетсек, жуырда майдангерлерді еске алуға арналған «Батырларға тағзым» (batyrlarga-tagzym.kz) атты жаңа портал жұмысын бастаған-ды. Яғни «Батырларға тағзым» – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімін ұлық­тау бағытында еліміздің кон­тент кеңістігіне қосылған жаңа он­лайн-платформа. Бұл бас­та­маны Мәдениет және ақ­па­рат мин­истрлігі Жеңістің 80 жыл­дығына орай қолға алып отыр.

Жобаның басты мақсаты – соғыста ерлікпен шайқасқан отан­дық жауынгерлер туралы мәлі­меттерді жинақтап, жас ұрпаққа жеткізу. Қазіргі таңда портал базасында 677 мыңнан аса ардагер туралы дерек бар. Олардың ішінде 365 Кеңес Одағының батыры, 4 екі мәрте Батыр атанған жауынгер, 19 «Даңқ» орденінің иегері бар. Ал мәліметтер қоры күн санап толығып келеді.

Елордада өткен ардегерлер пленумында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева портал мақсатына аз-кем тоқ­талып, пікір білдірген еді.

– Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне қатысты мәлі­меттерді біріздендіру мен ха­лықтың ақпаратқа қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету мақ­сатында «Батырларға тағзым» пор­талының қызметі кеңей­тіледі. Порталда Қазақстанның жауынгерлері туралы дерек­тер мемлекеттік архивтер мен Қо­рғаныс министрлігінің мә­лі­меттері негізінде орна­лас­тырылған, – деді А.Балаева.

Сондай-ақ министр жуыр­да өзінің «Facebook»-тегі парақ­шасында да аталған платфор­ма туралы толығырақ мәлімет жариялады. А.Балаева порталда кең көлемді мәліметтер базасы жинақталғанын атап өтті.

«Интерфейс қажетті ақпарат­ты табуға ғана емес, сонымен қатар өз ардагер туыстары тура­лы деректерді қосуға, жаңалық­тар­мен танысуға мүмкіндік бере­ді. Осы­лайша, бұл портал тарих­ты бо­лашақ ұрпақ үшін сақтап, батыр­­ларға тағзым етіп, құрмет көр­­сетуге арналған платформа қыз­­метін атқарады», деді министр.

Жоба авторлары сайттың ыңғай­лы әрі интерактивті болуы­на баса мән берген. Қол­дану­шы­лар өз туыстарының майдан жолын сипаттайтын мәлі­мет­тер­ді енгізе алады, фото­сурет­тер мен құ­жат­тарды жүктейді және бас­қа ардагерлер туралы толық ақ­паратпен таныса алады. Сондай-ақ жаңалықтар бөлімінен Жеңіс күніне орай атқарылып жатқан іс-шаралар туралы оқи алады.