Іс-шара сап түзеуден басталып, мемлекеттік ту көтеріліп, жас сарбаздар Отан алдындағы анттарын қабылады. Бұл – олардың ерлікке, адалдыққа және әскери парызын мінсіз атқаруға берген серті.
Салтанатты жиында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әлібек Каюпов, «Застава тарландары» республикалық қоғамдық ұйымның төрағасы, қордағы полковник Дәулетқали Мамырқанов, Райымбек ауданы бойынша Шекара басқармасының бастығы, полковник Нұртай Сахиев қатысып, азаматтық борышын өтеуді парыз санаған жас сарбаздарға антқа адал болып, өз міндеттерін абыроймен атқаруға тілектестіктерін білдірді.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігінің кепілі. Алматы облысының Ұйғыр, Райымбек, Кеген аудандары бойынша Шекара басқармасында қызмет атқаратын сіздер Отанымыздың шекарасын қорғауда маңызды рөл атқарасыздар. Антқа адал болу – бұл Отанға қызмет етудің ең биік көрінісі. Шекара – елдің қалқаны, ал сарбаз сол қалқанның мызғымас тірегі, ел тыныштығы үшін бар күш-жігерлеріңізді аямай қызмет ететіндеріңізге сенімдіміз», – деген Ұйғыр ауданының әкімі Бота Серікқызы жас сарбаздарға мықты денсаулық, қажымас қайрат және елге адал қызмет етулеріне тілектестігін білдірді.
Мерекелік шара сарбаздардың төтенше жағдайларда сенімді әрі үйлесімді әрекет ете алатыны тактикалық іс-қимылдар көрсетумен жалғасып, дайындық деңгейі мен тәртібін көрермендер тамашалады.
Алматы облысы.