Президент • Кеше

Отан қорғау жолында опат болғандарға тағзым етеміз - Тоқаев

60 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қазақстандықтарды құттықтап, халқымыздың екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы жанқияр ерлігі мен еңбегін жоғары бағалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отан қорғау жолында опат болғандарға тағзым етеміз - Тоқаев

Фото: Ашық дереккөз

Президенттің айтуынша, соғыс жылдарында Қазақстаннан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанған. Олардың жартысы ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты.

«Келер ұрпақтың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды. Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті», деді Мемлекет басшысы.

Ұлы Отан соғысында 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың қатарында Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова секілді есімдері ел жадында мәңгі қалған ерлер мен ержүрек арулар бар.

Сонымен қатар, тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегі де ерекше аталып өтті. Соғыс жылдары Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жөнелтіліп, жүздеген зауыт пен фабрика көшіріліп, майданға қажетті өнім шығаратын өндіріс орындары қысқа мерзімде іске қосылды.

«Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Ұлы Жеңісті ұлықтау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда мәңгі сақтау деген сөз. Олардың ерлігі мен еңбегін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деді Мемлекет басшысы.