Сенат • Бүгін, 09:00

Халықаралық келісімдерді ратификациялады

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев­тың төрағалығымен палата оты­рысы өтті. Онда сенаторлар бір­қатар халықаралық келісімге бай­ланысты заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Халықаралық келісімдерді ратификациялады

АҚШ-пен стратегиялық байланыс нығаяды

Отырыста «2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратифика­циялау туралы» заң қаралды. Бұл құжат Мемлекет басшысының Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатымен әзірленді.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі ара­сындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде айтылғандай, бұл құжат еліміз бен АҚШ арасындағы стратегиялық қарым-қатынасты нығайтуды және халықаралық серіктестердің еліміздің инвестициялық тұрақтылығы мен тартымдылығына деген сенімін одан әрі арттыруды көздейді. Заң нормалары АҚШ Сауда министрлігінің өкілдігін, Есірткіге қарсы күрес агенттігін, АҚШ Коммерциялық қызметін орналастыру үшін жер учаскесін 49 жылға жалға беру тәртібі мен шарттарын реттейді.

Бұған қоса отырыста «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр стансасы жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар да қаралып, мақұлданды. ЖЭС-ке қатысты заң аясында Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр стансасын және сыйымдылығы сағатына 600 МВт болатын қуаты 300 МВт энергия жинақтау жүйесін салу жоспарланып отыр.

– Мақұлданған заңдар елдің халық­аралық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуды көздейді. Атап айтқанда, еліміздің бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің халықара­лық мәртебесін арттыруға арналған түзету­лер мақұлданды. Сондай-ақ Алматы қаласында АҚШ консулдығын салуға жер учаскесін жалға беруге қатысты ке­лісім қаралды. Бұл құжат екі ел арасында инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыратын Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы келісім де мақұлданған. Сенат төрағасы­ның айтуынша, аталған заңдар шет мемле­кеттермен және халықаралық ұйым­дармен ынтымақтастықты нығай­тып, тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізеді.

Отырыста Сенат спикері әріптестерін Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, бұл дата ел тарихында ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Соғыс жылдарында отандастар алдыңғы шепте және тылда ерен ерлік көрсетіп, жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосқаны анық.

– Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатыр. Жалпы, бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске еліміздің қосқан үлесі зор. Майданға елімізден 1 млн 200 мыңға жуық азамат аттанып, олардың жартысынан астамы оралған жоқ. Азаматтарымыз ерлік пен қайсарлықтың озық үлгісін көрсете білді. 500-ден аса отандасымыз Кеңес Одағының батыры атанды. Сондықтан ардагерлерімізді ардақтап, олардың ерліктерін әрдайым есте сақтау аса маңызды, – деді М.Әшімбаев.

 

Ветеринарларды қолдау маңызды

Сенатор Ольга Булавкина Үкіметті ветеринарларды даярлау ісіне назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, адам мен жануарлар әлеміне, бүкіл экожүйенің әл-ауқатына ветеринария саласына тікелей байланысты. Алайда осынша маңызды болса да саланы дамытуға бюджет қаржысы аз бөлінеді. Ауылдағы ветеринар мамандардың жалақысы төмен, еңбек жағдайы ауыр, инфрақұрылымы әлсіз, жағдайы ерекше қиын.

– Бюджет қаржысы тиісті деңгейде бөлінбей отыр. Салдарынан еліміздегі ветеринария стансаларының 36 пайызы және ветеринария пункттерінің 77 па­йызы ғимаратынан айырылып қалды. Ал 70 пайыздан аса арнайы техниканың жағдайы нашар. Ауылдық жердегі ветеринар мамандардың жалақысы өте төмен. Жоғары білімі бар жас мамандар шамамен 190-230 мың теңге алады, – деп атап өтті О.Булавкина.

Сонымен қатар депутат ауыл ветеринарларының орташа жасы зейнеткер жасқа жақындағанын айтады. Қазір жануарлардан ауру жұқтыру қаупі жоғары, ал әлеуметтік қолдаудың жоқтығы, ветеринарлық, медициналық және экологиялық қызметтер арасындағы үйлестірудің нашарлығы жағдайды одан әрі қиындатып отыр.

Сенатор мамандарды қайта даяр­лауға мақсатты грант енгізуді, жылжымалы ветеринария емханасын құруды және ауыл­да жұмыс істеуді жоспарлап отырған түлектердің стипендиясын арттыруды ұсынды.

 

Демографиялық саясатқа жүйе керек

Ал Амангелді Толамисов елдегі демографиялық жағдайға, оның ішін­де халықтың қартаюына, өңірлік диспропорцияларға, көші-қон ағынының артуына және урбанизацияның өсуіне алаңдаушылық білдірді. Сенатордың айтуынша, проблемаларды шешу үшін демография саласындағы ғылыми-талдамалық әлеуетті күшейту қажет. Қолданыстағы демографиялық саясат та фрагментті және нақтыланбаған күйінде қалып отыр.

– Демография мен көші-қонды басқару функциялары әртүрлі мекемелер арасында шашыраңқы орналасқан. Бұл жүйелі талдау, белсенді жоспарлау мүмкіндігін жоққа шығарады. Соның салдарынан туу төмендеп, халықтың қартаюы байқалды. Аймақтық алшақтық, солтүстік және шығыс аймақтардағы халық саны кеміп, көші-қон ағыны артып, урбанизация өсті. Бұл мәселеге жеке бастамалар емес, біртұтас, ведомствоаралық үйлестірілген және ғылыми негізделген тәсіл қажет. Тұжырымдама өмірлік циклдің туғаннан бастап белсенді ұзақ өмір сүруге дейінгі барлық кезеңді қамтуға, аумақтық сая­сат, еңбек ұтқырлығы, репродуктивті және көші-қонды жоспарлауды қамту­ға тиіс, – деді А.Толамисов.

Оның айтуынша, қазір демо­графиялық және көші-қон саясатын қарайтын бірыңғай жауапты орталық жоқ. Онсыз бұл мәселені жүгендей алмаймыз. Осыны ескере отырып, депутат қолданыстағы мемлекеттік органдардың біріне нормативтік деңгейде тиісті функцияларды бекітіп, кеңейтілген үйлестіру мандатын беруді ұсынды. Сенатор сонымен қатар демография саласындағы ғылыми-талдау жұмы­сын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Демографиялық және көші-қон үдерістерін талдаудың ұлттық орталығы құрылса, әлеуметтік және экономикалық факторлармен қоса жан-жақты талдау жүргізуге және мемлекеттік саясатты жос­парлау да бір жүйеге келер еді.

 

Қаржыны үнемдеу абзал

Бекбол Орынбасаров қайталама түзетулерден бас тартып, бюджет қаражатын үнемдеуге шақырды. Сенатор Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан нысандарға арналған жобалау-сметалық құжаттаманың қолданылу мерзіміне қатысты нормаларды қайта қарауды ұсынды.

– Заңнамада белгіленгендей бекі­тілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде құрылыс басталмаған жобалау-сметалық құжаттама ескірген болып есептеледі. Ал мұндай талаптар жергілікті атқарушы органдарға айтарлықтай қаржылық салмақ түсіреді. Мысалы, Маңғыстау облысында мәдениет және спорт саласындағы жалпы құны 14,5 млрд теңгені құрайтын 12 жобаға түзету енгізу үшін қосымша 4,5 млрд теңге қажет. Ал құны 45,8 млрд теңге болатын 35 жол жобасына тағы 13,7 млрд теңге керек, – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне қосымша жүктемені болдырмау үшін жобаларды қарау мерзімін ұзарту немесе жобалау-сметалық құжаттаманың сметалық бөлігін бекітілгеннен кейін екі жыл ішінде іске асыру қажет. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15